Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда көлік жүргізушісі ұрланған дизельді сатумен айналысқан

Екібастұзда дизель отынын ұрлау фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кәсіпорынға 40 мың теңгеден астам сомаға зиян келтірілді деген хабарлама бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері  мүлікті жасырын ұрлады деген күдікпен осы кәсіпорынның «Shawhman» маркалы жүк көлігінің 38 жастағы  жүргізушісін ұстады.

Аталған автокөліктің жүргізушілері Павлодар облысы бойынша көмір, қиыршық тас тасымалдаумен айналысады. Серіктесі ауруханада болған кезде күдікті жүргізуші оның жоқтығын пайдаланып, кәсіпорынға 40 мың теңгеден астам шығын келтірген.

Зиянкес шлангтың көмегімен «Shawhman» маркалы жүк автокөлігінің жанармай багынан дизель отынын пластикалық ыдыстарға құйып, оның 205 литрін 140 теңгеден сатып үлгерген. Күдікті  қылмыстық жолмен табылған ақша қаражаттарын өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Ол 300 литр мөлшеріндегі жанармайды осылайша құйып алған. 

Аталған факт бойынша ҚР ҚК 188-бабына (Ұрлық)  сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру