Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Эльмира Есенқұлова: «Қоғам қауіпсіздігі – бірінші орында»

8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген полицей арудың бірі және бірегейі жайлы ақпарат ұсынбақ.

Темірдей тәртіпке бағынған ішкі істер органдары қатарында тек ер азаматтар емес, қыз-келіншектер де белсенді қызмет етеді. Олар өз мамандығын сүйіп таңдағандықтан, қызметті ерлерге немесе әйелдерге арналған деп бөліп жармайды. Дәл осындай полицей қыз-келіншектер Түркістан облысында қызмет етеді. Ол ерлермен иық тіресе қызмет ете жүріп, мамандық таңдауда еш қателеспегеніне сенімді Есенқұлова Эльмира.

Эльмира 1979 жылы Өзбекстан Республикасы Бостандық ауылында дүниеге келген. Әкесі Қанат Есенқұлов Эльмира небары 10 жаста кезінде туған жерге қоныс аударып, елге адал қызмет етуді көздейді. Осылайша Сарыағаш АПБ-ға қызметке орналасып, полиция полковнигі дәрежесіне дейін жоғарылаған тәжірибелі тәртіп сақшысы. Полиция полковнигінің жары Ұлбосын өмірге төрт қыз бен екі ұлды әкелген батыр ана. Бүгінгі таңда Эльмираның бауырлары отбасында алған ең маңызды тәрбиенің арқасында биіктерден көрініп келе жатқан маман иелері. Оның ішінде екі бірдей інісі шенділердің қатарында қызмет етеді.

Ал Эльмираның өз жанұясына келер болсақ, қазіргі уақытта өмірлік серігі Үсен Базарбайұлымен бірге берік шаңырақ құрып, үш қызы бар бақытты отбасы. Біздің жеке өміріңізге қызметіңіз қалай әсер етті, деген сауалымызға шенді ару тайсалмай деп жауап берді.

– Отбасында әкемнің қатал мінезі мен қызметте ұқыптылығын ес білгелі көріп өскендіктен полиция қызметкері болуды бала кезімнен армандадым. Әкемнің бас киімін көрсетпей басыма киіп алып, айнаға қарап өз-өзіммен сөйлесетінмін. Кейіннен мектепті үздік бітіріп, заңгер мамандығын таңдағанымда ата-анам қарсы болды. Алайда менің табандылығымды көрген әкем өз-өзіңе нық сенімді болсаң, сенен жақсы маман шығады, деп қанаттандырып, ақыры келісімін берді. Осылайша жоғарғы оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, 2006 жылы ішкі істер органына қабылдандым. Қызметке орналасқаннан соң араға бір жыл салып, Үсенмен шаңырақ көтердім. Ата-енемізбен бірге тұратынбыз. Менің жұмысымның қыр-сырын күйеуім ғана түсінетін. Бір күні әлі келін болып түскеніме көп те уақыт болмаған еді, жұмыстағылар «тревога» деп шақырды. Ондай сәтте әрине, қоғам қауіпсіздігі үшін жүрген адам алғы шепте болуы керек. Түннің ортасы, апыл-ғұпыл киініп шығып бара жатсам, енем келіп, «қарағым-ау қайда жиналдың? Мұнысы несі?» деп, аң-таң болған. Сонда күйеуім екеуміз ол кісіге түсіндіріп, кейіннен енем мұндай жағдайлар бола қалса қайта мені қолдап, әңгіме арасында мақтап отыратын болды.

Шенді ару 2006 жылдан бері Келес ауданының полиция бөлімінде жұмыс істейді. Лауазымы ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция майоры. Кейіпкеріміздің қызметін ауыстырмай тек бір сала бойынша еңбек етіп жүргеніне биыл 17 жыл. Сондықтан оны әріптестері нағыз майталман маман деп жиі айтады. 

– Эльмира – біздің тәжірибелі әріптесіміз. Ол өте сауатты және құжатқа ұқыпты. Ал түнгі рейдтерге шыққанда өз қызметіне берілгендігі соншалық, ерікті ретінде күйеуін де қасына ертіп алады. Ол кісінің жұбайы да біздің қызметке келіп, көмектесіп тұрады. Эльмираның жұмысы оңай емес екенін жақсы біледі. Түсіністікпен қарап, әрдайым қолдап отырады. Кейбір жөнге келмейтін жасөспірімдер болады, тәрбиесі төмендеу, сондайлар кезіккенде бірінші Эльмираның көмегі қажет болады. Ол ана ретінде жылы сөйлеп, өзіндік сөйлесу әдістерін қолданып, ұстамды да сабырлы түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Онысына риза болып, жас мамандарға Эльмирадан үлгі алуларын айтып жүреміз, – дейді полицей әріптестері.

«Әйелің жақсы болса, бірінші – иманың, екінші – жиғаның, үшінші – ырысыңның тұрағы»  – деген Төле би. Сондықтан осы даналық сөздерге лайық Эльмира Қанатқызы шаңырағын шайқалтпаған адал жар, ата-енеге көрегенді келін, әріптестеріне үлгілі маман, ал ең бастысы – отбасында мейірбан ана!

Ендеше біз де осы тұста 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен Эльмираны және барша аруларды құттықтаймыз. Олардың отбасыларына ортаймас бақ, береке мен бірлік тілейміз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру