Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ел қызметінде жүрген мерейлі әулет

Түркістан облысында мерейлі әулет ел қызметінде жүр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қондыбаев Беласар Шонабайұлы 1954 жылдың 1 шілдесінде Оңтүстік Қазақстан облысы Майдантал ауылында туған. Бүгінде екі ұл бір қыздың әкесі. Ішкі істер органында қызметін 1978 жылы Кентау қалалық күзет бөлімшесінен бастаған. 1980-1985 жылдары Кентау қаласының ІІБ-нде мемлекеттік автоинспекциясының инспекторы болып қызмет атқарған. 2000 жылы Түркістан ҚІІБ-нде МАИ қызметі бойынша старшина шенімен зейнеткерлікке шыққан.

Беласар Қондыбаев ОҚО ІІД басшылығымен үздік қызмет атқарғаны үшін бірнеше рет марапатталған. Сонымен қатар, зейнеткерге шыққан жылы Түркістан қалалық ІІБ-нің басшысы алғыс хатпен марапаттап, мемлекет тарапынан «УАЗ» автокөлігін сыйға тартқан.

Сондай-ақ Қондыбаевтың ізін жалғастырушы кенже ұлы Алмас Қондыбаев әке жолын қуып, полиция инспекторы қызметінен бастаған. Қазіргі таңда Кентау қалалық полиция бөлімінің учаскелік полицейі. Алмас Қондыбаев бүгінгі таңда полиция майоры шенімен елімізге адал қызмет етуде. Ал жұбайы Мадина мектепте ұстаз. Бүгінде Қондыбаевтар әулеті елімізде үлгілі отбасы қатарында.

– Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген қағида бар халқымызда. Саған сол бармақтай бақ пен бапты тілеймін. Мақсатыңа жет!, – деп әкесі баласына үнемі ақ батасын беріп отырады.


Құқықтық тәртіпті сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметінде білім-біліктілігімен танылған Қондыбаевтар отбасын бүгінде көпшілік мақтанышқа айналған мерейлі әулеттің бірі деп біледі. Сондықтан осынау бірлігі бекем шаңыраққа тек шуақты күндер кешуін тілейміз. Мерекелеріңізбен, мерейлі отбасы мүшелері. Әрдайым абырой биігінен көрінгейсіздер!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру