Елорда қонағы тұрғынның пәтерінен қомақты қаражат ұрлады
Елорда қонағы тұрғынның пәтерінен қомақты қаражат ұрлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғыны полицияға хабарласып, оның пәтерінен белгісіз біреу 20 мың көлемінде АҚШ долларын ұрлап кеткені туралы арызданған.
Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бір апта бұрын елордаға қонаққа келген 35 жастағы ер адамды анықтады. Күдікті ашық есікті көріп, үй иелерінің үйде жоқтығын пайдаланып, шкафтан ақша ұрлап, қашып кеткені анықталды. Жедел уәкілдер күдіктінің ізіне түсті. Ер адам кінәсін толық мойындады, заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексеру жүргізіліп жатыр.
Зардап шеккен азаматтар полицейлерге ұрыны ұстап алу бойынша жедел атқарған жұмыстары үшін алғыстарын білдірді.