Елордада 78 жастағы анасын қорлаған баласы қамауға алынды
Елордада 78 жастағы анасын қорлаған баласы 10 тәулікке қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері ІІО-ның есебінде тұрған, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылыққа жол берген, спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатын адамдарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеруде.
Отбасылық-тұрмыстық қылмыстардың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Тексеріс кезінде учаскелік полиция инспекторына әйел өзінің 56 жастағы ұлының спирттік ішімдіктерді ішіп, үйге мас күйінде келіп, оған балағат сөздер айтып, қақтығысып, психологиялық зорлық-зомбылық көрсеткені туралы жүгінді.
Бұған дейін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бір жыл мерзімге мінез-құлыққа ерекше талап қойылған ретінде есепте тұрған. Алайда ол түзелу жолына түспеген.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындалды.
Естеріңізге сала кетсек, елордалық полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 19-23 шілде аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасын өткізуде.
Жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері тәртіп сақшылары 2 500-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның 350-ден астамы спирттік ішімдіктер ішкені үшін, 220-ға жуық ұсақ бұзақылық пен 230-ға жуық тыныштықты бұзу фактілері анықталған.