Елордада алаяқ банкет өткізу үшін ақша алып, тұрғынды алдап кетті
Нұр-Сұлтанда полицейлер кезекті алаяқты құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны арызданып, белгісіз біреу оның сеніміне кіріп, жарты миллион теңгеден астам ақшасын иемденгенін айтқан.
Әйел қаскүнемнің банкет залының әдемі түрлі-түсті фотосуреттері салынған интернет желісіне орналастырған хабарландыруы бойынша қоңырау шалып, алаяқтың қармағына түсіп қалған. Жәбірленушінің айтуынша, ер адам өзін мейрамхана әкімшісі ретінде таныстырып, көптеген қонақтармен іс-шара өткізуге уәде берген және 590 мың теңге мөлшерінде алдын ала төлем алған. Бұл қаражат ғимаратты броньдау үшін қажет деп түсіндірген. Тапсырыс беруші осы шартпен келісіп, қажетті соманы берген. Күдікті ақшаны алып, қайта байланысқа шықпаған. Әйел алаяқтың айласына түсіп қалғанын түсініп, полицияға хабарласқан.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті «Алматы» ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында елорданың 33 жастағы тұрғынын ұстады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабымен «Алаяқтық» сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.