Елордада “Борышкер” ЖПІШ аясында 7,5 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл анықталды
Астана қаласының аумағында Борышкер жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты – әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар автокөлік иелерінің көлік құралдарын, сондай-ақ көрінеу жалған нөмірлері бар көлік құралдарын анықтау және одан әрі коммуналдық тұраққа қою.
Іс-шара өткізу кезеңінде қызметкерлер жалпы сомасы 7,5 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұлдар желісі бойынша 700-ге жуық хабарлама берді.
Коммуналдық тұраққа өзге де құқық бұзушылықтарды ескере отырып, жүргізушілері әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар 20 көлік қойылды.
Ресей Федерациясында тіркелген BMW маркалы автокөлікті басқарған 37 жастағы жүргізуші, ағымдағы жылдың 15 наурызынан бастап қазіргі уақытқа дейін 50 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Олар бойынша полиция қызметкерлері 1 млн 100 мың теңгеден астам сомаға хабарлама берді, көлік құралы коммуналдық айыппұл тұрағына қойылды.
Полицейлер 21 сәуірден бастап қазіргі уақытқа дейін 530 мың теңгеден астам сомаға 28 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 20 жастағы жүргізуші басқарған, Ресей Федерациясында тіркелген, ВАЗ 2114 көлік құралын тоқтатты. Барлық құқық бұзушылықтар бойынша хабарлама берілді, көлік құралы коммуналдық айыппұл тұрағына қойылды.
Осыған байланысты Астана қаласының полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды және құқық бұзушылық жасалған жағдайда оларды уақтылы төлеуді сұрайды.