Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен 6 ЖКО болды

Елордада жыл басынан бері кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен 6 ЖКО болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Балалардың қауіпсіздігі елордалық полиция жұмысындағы басымдықтардың бірі болып табылады. Тәртіп сақшылары тұрақты негізде түрлі алдын алу іс-шараларын жүргізеді. Осылайша, балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының санын азайту, білім беру нысандарының маңында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жас жаяу жүргіншілерді жүргізушілер үшін анағұрлым көрінетін ететін киім заттарында жарық қайтаратын элементтерді киюді танымал ету мақсатында Астана аумағында «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.

Іс-шара басталғалы мектеп және мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың жол бөлігін кесіп өту кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтауы бойынша 300-ден астам әңгімелер, дәрістер мен баяндамалар өткізілді.

Мәселен, Алматы ауданы ПБ ювеналды полиция инспекторлары № 73 «Аяулым» балабақшасының қабырғасында «Біз – жолдағы қауіпсіздік үшін!» атты акция өткізді. Жолдарда жүріс-тұрыс ережелері бойынша практикалық сабақтар өткізілді және жол қозғалысы ережелерін білуге арналған суреттер конкурсы ұйымдастырылды. Іс-шара соңында балалар төсбелгілермен және жарық шағылыстыратын элементтермен марапатталды.

Сондай-ақ акция жүргізушілер үшін, балалар мен жас қозғалыс инспекторлары жасақтарының қатысуымен, автокөлік құралдарының жүргізушілеріне жол тақырыбына арналған жадынамалар мен балалар суреттерін тарата отырып өткізілді.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ағымдағы жылы елорда аумағында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 6 жол-көлік оқиғасы болды.

Астана қаласының полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауды ескертеді. Мектептер мен балабақшалар маңында, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінен, қоғамдық көлік аялдамаларынан және әсіресе аулалардан өту кезінде өте мұқият болыңыз.

Тұрғын аймақта автокөлік жүргізушілері жылдамдық режимін сақтауы керек және тек жолға ғана емес, сонымен қатар тротуарлар мен ойын алаңдарына да назар аударуы керек. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру