Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада көлік сақшылары жүк тиеушіге қатысты үш әкімшілік хаттама толтырды

Нұр-Сұлтанда көлік сақшылары жүк тиеушіге қатысты бірден үш әкімшілік хаттама толтырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Нұр-Сұлтан станциясындағы Желілік полиция басқармасына Павлодар – Нұр-Сұлтан бағытындағы электр пойызының 42 жастағы жолаушысы “жүк тиеуші” қызметін ұсынып, мазасын алып тиіскен. Тіпті, балағаттап, намысына тиген белгісіз ер адамға қатысты шара қолдану туралы арызданды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты. Оның сөзінше, тексеру барысында көлік полицейлері теміржол вокзалында келіп-кетуші жолаушылардың мазасын алып, тиіскен елорданың 43 жастағы тұрғынын анықтады. Аталған азамат полиция бөлмесіне жеткізу кезінде билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбаған.

– Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБК 449-бабының 1-бөлігі (Қоғамдық орындарда тиісу), ҚР ӘҚБК 434-бабының 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) және ҚР ӘҚБК 667-бабының 1-бөлігі (Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырылды, – деді М. Айтуғанов.

Ұсақ бұзақылық пен бағынбаушылық бойынша материалдар шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді.

Жауап қалдыру