Елордада полицейлерден жалтармақ болған мас жүргізуші ұсталды
Елордада полицейлерден жалтармақ болған мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Мас жүргізуші – қылмыскер» жергілікті-рейдтік іс-шара барысында, патрульдік полицейлер 44 жастағы Range Rover автокөлігінің жүргізушісін ұстады.
Сағат 05:00 шамасында Тұран даңғылындағы тұрғын үй кешенінің ауласында жүргізуші патрульдік полицияның көлігін байқап, олардан қашып, паркингке кіруге тырысқан.
Құжаттарды тексеру кезінде алкогольдің өткір иісі шығып тұрған жүргізуші көлік жүргізу дерегін жоққа шығарған. Алкотестердің көмегімен жүргізілген куәландыру нәтижесінде жүргізушіде 0,97 промилле анықталып, оның «жеңіл» дәрежеде мас күйде екендігі белгілі болды.
Көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Аталған құқық бұзушылық үшін баптың санкциясы жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуға алып келіп соғады.
Жыл басынан бері елордада 673 мас жүргізуші ұсталды. Айыптұраққа 1 800-ден астам көлік қойылды. Өткен тәулікте елордада көлік басқарған 4 мас жүргізуші ұсталды.