Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада ҚР Ұлттық ұланы күніне орай гала-концерт өтті

Жыл сайын еліміздің астанасында құқықтық тәртіп әскерлерінің құрылу күніне орай Ән-би ансамблі мен Үлгілі-көрсетімді оркестрінің гала-концерті өтеді. “Ұлттық ұлан ұлт рухы” атты салтанатты концерт әртістердің ерекше қойылымдарымен есте қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұландықтардың Ән-би ансамблінің музыканттары мен солистерінің орындауындағы әскери-патриоттық әндер біздің еліміздегі барлық патриоттық іс-шаралардың әнұранына айналды десек болады. Әскери тақырыпқа байланысты бірде-бір концерт олардың шығармашылық ұжымының қатысуынсыз өтпейді.

Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі бүгінде еліміздің күш құрылымдары арасында мемлекеттің орталық залдарында гала-концерт беретін жалғыз әскери-музыкалық ұжым болып табылады.

Алғашқы минуттардан бастап лық толы зал концерттің басталуын тағатсыздана күтті. Қалыптасқан дәстүр бойынша концерт ұландық оркестр мен ансамбльдің барлық құрамының орындауындағы мерекелік фанфарлардың үнімен басталды. “Елге арнау” атты алғашқы қойылым 31 жыл бойы қоғам мен мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етіп келе жатқан ұландықтарға арналды. Солистерді аға лейтенант Алпамыс Асылбектің жетекшілігімен шығармашылық ұжымның музыканттары кәсіби сүйемелдеді. Көрермендер әскери тақырыптағы патриоттық әндерді жанды дауыста тыңдап, сүйсіне тамашалады.

Биылғы жылы концерт атақты отандық әртістердің, еңбек сіңірген қайраткерлер мен лауреаттардың ғана емес, сонымен қатар әскери қызметшілердің ұйымдастырылған қойылымдарымен де ерекшеленді. Отандық эстрада жұлдызы Маржан Арапбаева “Қазақ елі осындай” және “Чемпион” атты шығармаларын ұсынды.

Айта кетейік, концерт патриотизмге, қазақ халқының тарихына бай семантикалық көңіл-күйге толы болды. Концерттік бағдарламада лирикалық, әскери, заманауи әндер мен көңілді билер ғана емес, оркестрдің орындауындағы күйлер де Отанымыздың мәдениетінің тарихын білдірді. “Қазағым жаса”, “Бабалар рухы” шығармалары және “Гаухартас” биі барлық көрерменнің жүрегіне әсер етті.

Салтанатты концертке Ішкі істер органдарының және басқа да өзара іс-қимыл жасайтын құрылымдардың ардагерлері шақырылды. Олар үшін Ансамбль бастығы аға лейтенант Алпамыс Асылбек пен Ән-би ансамблінің бұрынғы бастықтары отставкадағы полковник Рахметжан Шамұратов пен майор Дархан Рахымғалиевтің орындауындағы “Барлық балалар үшін” әні шырқалды. Халықаралық конкурстардың лауреаты, Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің солисі Ерасыл Бозаев “Уақыт” әнін орындап, фондық вокалмен бірлесе отырып, құқықтық тәртіп әскерлеріне деген сүйіспеншілік пен құрметін білдірді.

Сондай-ақ “Қағаз үй” сериалының саундтрегі ретінде әлемге танымал болған “Bella Сiao” халықтық итальяндық әніне көрермен ерекше қошемет көрсетті. Концерт көрермендеріне Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасы жауынгерлерінің “қару-жарақпен дефиле” атты виртуоздық көрме қойылымы ұнады. Дәстүр бойынша гала-концерт Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Естай Мұқашевтің және ҚР Ұлттық ұланының Ән-би ансамблі мен Үлгілі-көрсетімді оркестрінің барлық ұжымының орындауындағы “Елдің қорғаны” әнімен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру