Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған акция басталды

Елордада отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдер мен балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында "Қазақстан – тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз!" республикалық акциясы бастау алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Акцияның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, өзара құрмет пен сенім қағидаттарын дамыту, сондай-ақ азаматтардың зорлық-зомбылық немесе қауіп төнген жағдайда дер кезінде көмекке жүгінудің маңыздылығын түсінуіне ықпал ету.

Акция аясында қала көлемінде профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілуде. Атап айтқанда, тұрғындармен кездесулер, ашық диалог алаңдары, құқықтық және психологиялық консультациялар, сондай-ақ мектептерде интерактивті сабақтар ұйымдастырылуда.

Іс-шара барысында балалар мен жасөспірімдермен жұмысқа ерекше көңіл бөлінуде. Оларға қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, туындаған мәселелер туралы ашық айту және қиын жағдайларда жалғыз қалмау қажеттілігі түсіндірілуде. Мұндай кездесулер қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Акцияның ресми ашылуы Ы. Алтынсарин атындағы BINOM мектебінде өтті. Іс-шараға полиция қызметкерлері, педагогтар мен психологтар қатысты. Ашылу аясында оқушылар арасында "Үнсіздік қорғайды ма, әлде бұзады ма?" тақырыбында ашық пікірсайыс ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан белсенді талқылауға ұласты.

Мұндай акцияларды өткізудің қоғам үшін маңызы зор. Себебі ол зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға, құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыруға және әрбір отбасы үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта құруға бағытталған.

Полиция елорда тұрғындары мен қонақтарын акцияны қолдауға, ұйымдастырылып жатқан іс-шараларға белсенді қатысуға және бірлескен күш-жігер арқылы отбасылық құндылықтарды нығайтуға, қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға үлес қосуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру