Елордада учаскелік инспекторлар тұрғындармен байланысты күшейтуде
Елордада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және тұрғындармен тиімді өзара байланысты нығайтуға бағытталған учаскелік полиция инспекторларының жүйелі жұмысы жолға қойылған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Учаскелік инспекторлар өздеріне бекітілген әкімшілік аумақ тұрғындарымен тұрақты байланыс орнатып келеді. Олар пәтерлер мен аулаларды аралап, тұрғын үй чаттары арқылы байланыс жүргізеді, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қойып, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша уақтылы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізеді. Мұндай жұмыс тәсілі құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, тұрғындардың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта елорданың барлық ауданында учаскелік полиция пункттері жұмыс істейді. Азаматтар тәуліктің кез келген уақытында көмек алу, кеңес сұрау немесе учаскелік инспекторлардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жүгіну мүмкіндігіне ие.
Сонымен қатар халықпен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде.
Мәселен, Сарайшық ауданында тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, онда қоғамдық қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Кездесу барысында учаскелік инспектор тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, жаз мезгіліндегі сақтық шараларын жан-жақты түсіндірді. Атап айтқанда, велосипедті қауіпсіз пайдалану ережелері, балалар жарақатының алдын алу, балалардың терезеден құлау қаупі және тұрмыстық қауіпсіздік мәселелері қамтылды.
Мұндай кездесулер елорданың барлық ауданында тұрақты түрде өткізіліп, полиция мен тұрғындар арасындағы ашық диалогтың маңызды тетігіне айналып отыр. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, полицияға деген сенімді нығайтуға және жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
