Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордалық полицейлер иттерді серуендету қағидалары туралы ескертеді

Жыл басынан бері 120 азамат Нұр-Сұлтан қаласында иттерді ұстау және серуендету қағидаларын бұзғандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдау нәтижесі елордада иттерді ұстау және серуендету қағидаларын бұзушылықтардың саны жылдан-жылға өсіп жатқанын көрсетті. Өткен жылы 358 құқық бұзушылық анықталса, 2021 жылғы 3 ай ішінде 120 иттің иелері жауапқа тартылған.

Сондай-ақ, жыл басынан бері полицияға азаматтардан 14 хабарлама келіп түскен, оның ішінде 8 факті қауып алу және 4 жағдай иелері иттерді тұмылдырықсыз серуендетіп жүрген кезде адамдарға шабуылдауға қатысты тіркелген. Сәуір айы басталғаннан бері ит қауып алу фактісі бойынша тұрғындардан 2 арыз түскен.

5 сәуір күні 102 арнасына екіқабат әйелге иттің шабуылдағаны туралы хабар келіп түскен. Жер үйдің ауласында қақпа ашық қалып, оның ішінде байланбаған иттің әрі-бері жүгіріп жүргені анықталған. Ит әйел адамды қауып алып, ол нәтижесінде ауыр жарақат алған және қалалық ауруханаға жеткізілген. Сот шешімімен иттің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәслихаттың шешімімен бекітілген «Қалада иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидаларына сәйкес» иттің иесі 18 жасқа толған азамат болуы тиіс. Сонымен қатар, ерекше жауапкершілікті талап ететін иттердің тұқымдары, яғни америкалық питбультерьер, америкалық стаффордширлық терьер, бультерьер, стаффордширлық бультерьер, ротвейлер және жоғарыда аталғандардың будандастырылған түрлері бар. Ерекше жауапкершілікті талап ететін иттердің иесі 21 жасқа толған азамат болуы тиіс.

Ерекше жауапкершілікті талап ететін иттерді ұзындығы 1,5 метрден аспайтын қысқа мойын жіпте және тұмылдырығы болған жағдайда ғана серуендетуге рұқсат етіледі. Басқа тұқымдағы иттерді тыйым салынған таңбамен белгіленбеген орындарда тұмылдырықсыз, ұзындығы бақыланатын мойын жіппен серуендетуге рұқсат етіледі, бұл ретте иттің иесі өзімен бірге тұмылдырық алып жүруі тиіс, оны қажет болған кезде итке дереу кигізуі қажет.

Табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері азаматтарды төрт аяқты достарын иттерді еркін серуендетуге арналған алаңдардан немесе жаттықтыру алаңдарынан басқа жерлерде мойын жіпсіз және тұмылдырықсыз серуендетуге тыйым салынатынын ескертеді. Мас күйіндегі адамдарға итті қоғамдық орындарда серуендетуге болмайды. Құтыруға қарсы міндетті вакцинациялаудан өтпеген иттерді балалар ойнайтын алаңдарда, мектепке дейінгі және мектеп мекемелері, емдеу мекемелері аумағында серуендетуге тыйым салынады. Сондай-ақ, адамдар шомылатын орындарда иттерді серуендетуге, көлшіктер мен фонтандарда және тоғандарда шомылдыруға және жуындыруға болмайтынын ескертеді.

«Иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету» қағидаларының талаптарын сақтамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 408-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру