Елорданың коменданты ТЖ ережелерін еске салды
Елорданың коменданты Ержан Саденов ТЖ ережелерін еске салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Құрметті қала тұрғындары!
Елордада жедел ахуал тұрақты. Бір тәулік ішінде сегіз қылмыс тіркелді. 83 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан екі адам жарақат алды. 464 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның 183-і қалада тұру ережесін бұзу, қоғамдық орындарда ішімдік ішудің 36 және көші-қон заңнамасын бұзудың 18 дерегі тіркелді. Қазіргі таңда блокбекеттер жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдай режимін бұзған 200-ден астам адам жауапкершілікке тартылып, оның 28-і әкімшілік қамауға алынды.
Тек ресми ақпаратқа сеніңіздер. Өкінішке орай, жалған ақпарат тарату деректері де тіркеліп отыр. Қазіргі таңда үш қылмыстық іс қозғалды. Осындай әрекеттерге барғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Тағы да ескертемін, төтенше жағдай ахуалында қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік күшейтілген. Азаматтарға тыныштық сақтап, заң бұзушылықтарға жол бермеуді және коменданттық сағатты бұзбауды сұраймын», – деді ол.