Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден бір сотталған рақымшылықпен босатылды

Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен ЗК-169/4 мекемесінен бір сотталған рақымшылықпен босатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол жол-көлік оқиғасын жасап, сот үкімімен Қазақстан Республикасының ҚК-нің 345 бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтеуге сотталған.

Қызылорда қалалық № 2 сотының қаулысымен сотталғанға қатысты “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” Заңын қолдану және негізгі жазадан босату туралы ұсынысы қаралып, бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі қалған жазасының, яғни 6 ай 29 күнге жазадан дереу босатылды.

– Мен абайсызда жол-көлік оқиғасын жасап, сотталдым. Рақымшылық заңына ілігіп – босатылдым. Бұл маған үлкен сабақ болды. Енді отбасыммен қауышып, заң талаптарын сақтап, жұмысқа орналасып, отбасыма көңіл бөліп, балаларыма дұрыс тәрбие беремін, – деді босатылған ер адам.

– Мекемедегі 39 сотталғанға “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” Заңын қолдану көзделіп, іс-құжаттары Қызылорда қалалық №2 сотына жолданды. Бір сотталған босатылды, қалған сотталғандардың іс-құжаттары сотпен қаралатын болады, – деді арнайы есепке алу тобының аға инспекторы Мерей Табылғанова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру