Шайхана алдынан көлік ұрланды
Қызылордада патрульдік полиция ротасының қызметкерлері заңсыз көлік құралын иеленген ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 маусым сағат 12:45 шамасында Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне аудан тұрғыны қоңырау шалып, кент ішінде орналасқан шайхананың алдында тұрған Ваз-2107 автокөлігін белгісіз біреу ұрлап кеткені туралы арызданады.
Аталған хабарлама бойынша жедел тергеу тобы оқиға орнына барып, тексеру барысында бір адам шайхана алдында тұрған көлікті жол жиегіне жылжытып қою керек екенін айтып, кілтін сұрап алған. 40-45 минуттан кейін сыртқа шыққан кезде иесі автокөлікті таппайды.
Аталған қылмыс бойынша жедел іздестіру шараларын жүргізу кезінде 31 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынының басқаруындағы Ваз-2107 автокөлігі «Батыс Қытай-Батыс Европа» республикалық тас жолында Жаңақорған ауданы Сунақ-ата ауылының тұсында Жаңақорған кентінен Қызылорда қаласына бағыт алып бара жатқан жерінен полиция қызметкерлерімен ұсталып, аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Қазіргі таңда орын алған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігімен (автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу (айдап кету) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.