Алматының тәртіп сақшылары бала құқығын қалай қорғайды
Қазақстанның ювеналды полициясының құрылған күні қарсаңында Алматының тәртіп сақшылары балалардың құқығының қорғалуы туралы ойымен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер саласында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшелер 1977 жылы 15 ақпанда құрылды. Олардың негізгі міндеті – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қараусыздық пен панасыздықтың алдын алу, сондай-ақ олардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 19 тамыздағы № 646 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы ювеналды әділет жүйесін дамыту тұжырымдамасы аясында 2011 жылғы 10 маусымда кәмелетке толмағандардың істері бойынша полиция бөлімшелері ювеналды полиция бөлімшелеріне айналды.
– Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторлардың қызметі бірнеше жылда түрлі өзгеріске ұшырады. Біздің басты міндеттеріміздің бірі – шалыс басқан жасөспірімдерді дұрыс жолға түсіру. Біз балалармен ғана емес, балаларын дұрыс оқытпайтын жауапсыз ата-аналармен де жұмыс істейміз. Біздің басты ұстанымымыз – баланың бөтені болмайды, әр бала отбасында өмір сүруі керек. Бірақ, өкінішке қарай, баланың мүддесі үшін ата-ананы өз құқығынан айыратын кездер болады. Дегенмен осы жылдар ішінде дұрыс жолға түскен ондаған жасөспірім мен ата-ана болды, – дейді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің бастығы Лейла Әліпбаева.
Спикердің айтуынша, мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында осы жылдың басынан бастап бес қалалық жедел-профилактикалық іс-шара, 70-тен астам жергілікті рейдтер өткізілді. Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша жүргізілген алдын-алу шараларының нәтижесінде Алматы қаласында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың 38,1%-ке төмендегенін байқауға болады. Сонымен бірге, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар саны 45,2% азайды.
– Биыл осы салада жұмыс істегеніме 25 жыл болады. Мен балаларды тәрбиелеумен айналысамын. 1995 жылы мен ішкі істер органдарының қызметіне келдім және ешқашан өкінбеймін, өйткені мен өз жұмысымды жақсы көремін және бағалаймын. Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі полицияда жұмыс істейтін барлық қызметкер өз балаларындай өзгелердің балаларын жақсы көруге және оларға қауіпсіз жағдай жасау үшін барлығын жасауға тырысады. Мен оларға осы ауыр жұмыс үшін алғыс айтамын. Егер балалар жоғалып кетсе, күн-түн демей, бірден іздеуге көшеміз. Аман-есен тауып, ата-анасына тапсырамыз. Біз үшін ең маңызды баға – азаматтардың ризашылығы. Кәсіби мерекеге байланысты мен Алматы қаласының ювеналды полициясының жеке құрамын құттықтаймын және оларға жас ұрпақты тәрбиелеудегі қосқан үлесі үшін, еліміздің заңды азаматтары үшін алғыс айтамын, – деді Әліпбаева.