Эскорт взводының айрықша міндеті
Астана көшелерінде аппақ мотоциклдерімен көзге түсетін эскорт взводының қызметкерлері ресми кортеждердің қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Қала тұрғындары үшін олардың көшеде көрінуі көбіне маңызды халықаралық немесе мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралардың өтіп жатқанын білдіреді. Қазақстан полициясы күніне орай Polisia.kz сайты елордалық полицияның эскорт взводын басқаратын полиция подполковнигі Ринат Сәлімгереевтің қызметі мен кәсіби жолы туралы баяндайды.
Бөлімшені Астана қаласы полиция департаменті патрульдік полиция мамандандырылған батальонының эскорт взводының командирі Ринат Сәлімгереев басқарады. Ішкі істер органдарында 15 жылдан астам уақытын арнап келе жатқан офицер эскорт взводында 2015 жылдан бері қызмет атқарып келеді, ал 2020 жылдан бастап бөлімшеге жетекшілік етеді. Осы уақыт ішінде оның басшылығымен түрлі деңгейдегі 200-ден астам іс-шараның кортеждері қауіпсіз сүйемелденді.

Эскорт взводының негізгі міндеті – ресми делегацияларды, шетел мемлекеттері басшыларының сапарларын және ірі қоғамдық-саяси іс-шараларды сүйемелдеу. Әрбір іс-шара алдында қызметкерлер қозғалыс бағытын, жол ерекшеліктерін және өзге қызметтермен өзара іс-қимыл тәртібін мұқият зерделейді. Сонымен қатар мотоцикл басқару шеберлігін тұрақты жетілдіріп, түрлі жағдайларда әрекет ету дағдыларын шыңдайды.

Сүйемелдеу кезінде әр қызметкерден жоғары дәлдік пен үйлесімді әрекет талап етіледі. Кортеж қозғалысының қауіпсіздігі олардың кәсіби дайындығы мен тәртібіне тікелей байланысты.
Қызметтен тыс уақытта Ринат Сәлімгереев спортпен шұғылданады, әсіресе жүзуді ұнатады. Ол үш қыз тәрбиелеп отырған әке және отбасын өміріндегі басты тірек деп есептейді.
Бүгінде елордалық полицияның эскорт взводы ресми іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, кәсібилік пен тәртіптің үлгісіне айналып отыр.
