Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Грей атты полиция иті бір сағат ішінде жоғалған баланы тапты

Шымкентте Грей атты полиция иті бір сағат ішінде жоғалған баланы тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

12 маусым күні сағат 23:00 шамасында Еңбекші ауданы Полиция басқармасына “102” арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Азаматшаның айтуынша, 5 жасар ұлы аулада ойнап жүріп, белгісіз бағытқа кетіп қалған.

Жоғалған баланы іздеуге полицияның барлық күштері жұмылдырылды. Оның ішінде кинологиялық қызметтің инспекторы Ерболат Жамалбаев өзінің Грей атты қызметтік-іздестіру итімен де бар.

Тәртіп сақшылары анасынан жоғалған баланың киімдерін алып, Грей бала иісінен дұрыс бағытқа түсе отырып, полиция серіктесімен бірге балақайдың ізімен жүреді. Бұл оларды жергілікті супермаркеттердің біріне алып барады. Сол жерде сақшылар баланы аман-есен тауып, анасына табыстады.

– Баламмен аулаға серуендеп шыққанмын. Бірнеше минутқа үйге кіріп шыққанымда баламды таппай қалдым. Бірден полицияға жүгіндім. Олар тез арада жетіп, іздеу жұмыстары үшін қызметтік итке баламның киімін бергенімде, дереу ізіне түсіп, баламды дін аман тапты. Қиын сәтте көмекке келіп, жедел әрекет еткен полицияға рақмет, әсіресе Грей итіне, – деп тұрғын өз алғысын жеткізді.

Айта кететін жайт, шығыс еуропалық овчарка Грей қалалық полиция департаментінде 5 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында оның еңбегі ерен. Мәселен, өткен жылдың қазан айында полицей ит ұрының ізіне иіс арқылы түсіп пәтер ұрлығын ашуға көмектескен.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру