Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы қаза тапқан полицейлердің отбасыларына көңіл айтты

ІІМ басшысы қаза тапқан полицейлердің отбасыларына көңіл айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бүгін қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан учаскелік полиция инспекторлары Қанат Отарбаев пен Қанат Хамидуллиннің отбасыларына қайғырып көңіл айтты.

Жол-көлік оқиғасы бүгін Щучинск қаласында орын алды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларына қатысып, оқиға орнынан қайтып келе жатқан. Осы кезде «Лексус» жүргізушісі жол ережелерін елемей, бағдаршамның қызыл шамынан жоғары жылдамдықпен өтіп, «Нива» қызметтік көлігімен соқтығысқан. Полиция қызметкерлері алған жарақаттары салдарынан оқиға орнында көз жұмды.

Жүргізушінің бұрын көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылғандығы анықталды. Қазіргі уақытта күдікті ауруханада полицейлердің күзетінде. ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, бұл бапта 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Полиция капитаны Қанат Айдарбекұлы Отарбаев ішкі істер органдарында 16 жыл қызмет еткен. Өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін 22 рет көтермеленген. Артында жұбайы мен үш баласы қалды, олардың ең кішісі 3 жаста.

Полиция капитаны Қанат Болатұлы Хамидуллин ішкі істер органдарында 12 жыл қызмет еткен және осы уақыт ішінде 23 рет көтермеленген. Марқұмның артында жүкті әйелі мен жеті жасар ұлы қалды.

«Олардың кәсібилігі мен парасаттылығын, өз қызметіне адалдығын басшылық та, халық та бағалаған. Олар әріптестерінің арасында сыйлы болды. Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарымен бірге қайғырады», – деп атап өтті министр Ерлан Тұрғымбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру