Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үймен қамтылуда

Тұрғын үймен жапсарласа салынған учаскелік полиция пункті тұрғындар үшін тиімді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына  биылғы Жолдауында учаскелік полиция инспекторларына қойылатын талаптардың күшейтілетінін және оларға мемлекет тарапынан жағдай жасау қажеттілігі туралы айтқан болатын.

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы 11 учаскелік полиция пунктінің алтауы тәртіп сақшысына арналған тұрғын үймен жапсарласа салынған.

“Тұрғын үймен жапсарласа салынған учаскелік полиция пункті өзінің тиімді екенін талай мәрте дәлелдеді. Әрбір полиция пунктіне “Нива” маркалы қызметтік көлік берілген. Яғни, мемлекет тарапынан көлік пен тұрғын үй мәселесі шешілген учаскелік полиция инспекторы еш алаңдамастан әкімшілік учаскесіндегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бар күшін арнайды. Нәтижесінде  биыл құқық бұзушылықтар саны азайды”,- деді Талдықорған ҚПБ бастығы Асқар Нұрсапа.

Учаскелік полицейдің өз әкімшілік аумағында тұратынына жергілікті тұрғындар да риза.

“Бұрын қараңғы түскен кезде көшелерде мас адамдар жүріп, дүкенге баруға қорқатынбыз. Қазір барлығы жақсы болды. Өйткені, учаскелік полиция инспекторы ауылда тұратын болғандықтан, тәртіп орнады. Кез келген уақытта мәселемізді айтып, учаскелік пунктке келсек, инспекторды табатынымыз өте ыңғайлы”,- деді Өтенай ауылдық округінің тұрғыны Нина Кармачунова.

Өзге ауыл тұрғындары да учаскелік полицейлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгені өте дұрыс деп санайды.

“Мен бұрын өзім де ішкі істер органдарында қызмет атқарғанмын. Учаскелік полицейлерге жағдай жасау қажет, өйткені олар уақытпен санаспай қызмет атқарады. Қылмыстың көбі түнде жасалатындықтан, әкімшілік аумаққа жауапты тәртіп сақшысы барлық уақыты мен күш-жігерін тек жұмысқа бағыттауы тиіс. Полиция қызметкерлерінің қазіргі жұмысына ризамыз, қызметтерінде шапшаңдық, тәртіп пен кішіпейілдік сезіліп тұрады”,- деді ауылдық Ақсақалдар алқасының төрағасы Беделбек Сүлейменов.

Өз кезегінде, осындай тұрғын үймен қамтамасыз етілген Өтенай ауылдық округінің аға учаскелік инспекторы Азамат Әбділдаев та бұл жобаның тиімділігін атап өтті.

“Отбасым қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілгендіктен, жұмыс барысында әлеуметтік проблемаларға алаңдамаймын. Тұрғындар мені тәуліктің кез келген уақытында жұмыс орнымнан таба алатынын біледі. Бұл – өте тиімді жоба. Аумақтағы тұрғындармен етене жақын араласып, оларды тану үшін біз өзіміз қызмет ететін аумағымызда тұруымыз қажет”,- деді учаскелік инспектор  Азамат Әбділдаев.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру