Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы жол қозғалысын бақылауға арналған жылжымалы кешеннің мүмкіндіктерін тексерді

Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың Ақмола облысына сапары ерекше басталды. Ведомство басшысы аз уақыт ішінде өзінің тиімділігін көрсеткен жылжымалы аппараттық-бағдарламалық кешеннің мүмкіндіктерін тексеріп көрді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Жалпы ел бойынша әртүрлі маркалы 50 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді: Жамбыл облысында – 15, Қарағанды облысында – 14, Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстарында 6-дан, Түркістан облысында – 5, Павлодар және Ақмола облыстарында 2-ден.

– Жай патрульден айырмашылығы үлкен. Мұнда 10 камера бар: оның тоғызы сыртқы бейнені бақылайды, біреуі ішкі бейнені бақылайды, – деді патрульдік полиция ротасы қызметінің аға инспекторы Айбек Төлеубаев.

Аппараттың «көру мүмкіндігі» 360 градус. Бұл жүйе жолдағы заң бұзушылықтарды тіркеу үшін патрульдік полиция көліктеріне орнатылады. Оның көмегімен жылдамдықты асырғандар, борышкерлер мен бұрын жүргізу куәлігінен айырылғандарды анықтауға болады.

Жолда жол ережесін бұзған бірнеше жүргізуші анықталды. Оның үшеуі Көкшетау қаласына қарай бағыт алғандар. Бәрін де полиция қызметкерлері тоқтатты. Азаматтармен министрдің өзі сөйлесіп көрді.

Профилактикалық әңгімеден кейін ведомство басшысы отырған патрульдік көлік қала ішіне бет алды. Бірақ мұнда ешқандай жол ережесін бұзушы анықталмады. Себебі облыс орталығындағы қозғалыс бір қалыпты. Инспектор Айбек Төлеубаевтың айтуынша, бұған камералар мен арнайы жүйелердің оң ықпалы әсер еткен. Камералардың Жедел басқару орталығына қосылғанын да атап өту керек. Мұнда тәртіп сақшылары көшелердегі жалпы жағдайды бақылап отырады.

Ақмола облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығында Марат Ахметжанов аймақта іске қосылған жобалармен танысты. Сонымен қатар өңірде қауіпті жүргізушілерді тез арада анықтап, шұғыл шара қолдануға мүмкіндік беретін «Қорғау» жүйесін енгізуді тапсырды. Бүгінде бұл жүйе тоғыз қалада бар және өз нәтижесін көрсетуде. Оның көмегімен ел бойынша жалған нөмір қолданудың 777 фактісі мен көлік жүргізу құқығынан айырылған 2700 жүргізуші анықталды. Айыппұл тұрағына 13,5 мыңға жуық автокөлік қойылды.

– Біз жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етіп, толық цифрландыруды қолдауымыз керек. Олқылықтар болмауы керек, – деді ІІМ басшысы.

Патрульдік автокөліктердің маршрутын қадағалауға арналған GPS-трекерлері туралы да айтылды. Ол қызметтік көліктің күніне қанша шақырым жүргенін, қанша жанармай жұмсағанын көрсетеді. Бұл да – ашықтықтың кепілі.

Қолға алынған жаңашылдықтардың барлығы азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығы үшін жасалуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру