Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де басым бағыттар анықталды

ІІМ-де ішкі істер органдары жұмысының қорытындысы шығарылған кеңейтілген алқа отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиында елдегі қылмыс деңгейі төмендеуінің оң динамикасы байқалғаны аталып өтілді.
Ауыр қылмыстар, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, зорлау, ұрлық, мал ұрлығы, бұзақылық саны азайған. Кәмелетке толмағандар тарапынан орын алған қылмыстар 40%-ға, мас күйінде жасалғандары 20%-ға төмендеген, қоғамдық орындарда және көшелердегі құқық бұзушылық саны үштен бірге қысқарған.
Жиында сөз алған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев интернет-алаяқтықтың саны арта түскеніне назар аударды.

Басқосуда ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жай-күйі жеке қаралды. Жыл басынан бері екі тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 41 кг синтетикалық есірткі тәркіленген. Оларды өндіру бойынша 10 есірткі зертханасы жойылды.

Алқа отырысына қатысқандар қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес учаскелік инспектордың мәртебесін арттыру және оның тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті өкілеттіктерін кеңейту бойынша шаралар қабылдануда. Ауылдық жерлерде қызметтік тұрғын үймен жапсарлас учаскелік пункттер салынуда. Өз резервтері есебінен учаскелік полиция қызметінің штаты қосымша ұлғайтылатын болады.
ІІМ жүйесінде 2021 жыл құқық бұзушылықтың алдын алу және «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету жылы деп жарияланды. Қалаларда 58 модульдік стационарлық полиция бекеттері орнатылды. Жалпы бес жыл ішінде осындай 176 бекет орнату жоспарлануда. Қоғамдық орындар мен автожолдарда полицияны шұғыл шақыру үшін “SOS” дабыл түймелерін орнату пысықталуда, – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.

Алқа жұмысы барысында өңірлік полиция департаменттері мен қылмыстық-атқару жүйесінің бірқатар басшыларының есебі тыңдалды.

Ведомство басшысы бүгінде жеке құрамды әлеуметтік қорғауды жақсарту бойынша теңдессіз шаралар қабылданғанын атап өтті. Жалақыны көтеру мүмкіндіктері қарастырылған. Тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы алуға құқығы бар лауазымдар тізбесі кеңейтілді. Әскери қызметшілерге ұқсас тұрғын үй төлемдері тетігін көздейтін заң қабылданды.

– Қызмет атқару үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Мемлекет басшылығының сенімін ақтау керек. Әрбір полицейді бұл адал жұмыс істеуге ынталандырады. Бізге жүктелген жауапкершілікті түсініп, сауатты және адал жұмыс істеуіміз керек, – деді Ерлан Тұрғымбаев.


Алқа жұмысын қортындылау кезінде Министр алдағы кезеңге арналған міндеттерді айқындады.

Соның бірі – жаяу патрульдердің, соның ішінде заманауи технологияларды пайдалана отырып, қызмет атқаруының тиімділігін арттыру.

Құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту және халық үшін учаскелік полиция инспекторларының қолжетімділігін қамтамасыз ету басым бағыт болып табылады.

Бұдан әрі Ерлан Тұрғымбаев жол инфрақұрылымын жақсарту үшін әкілетті органдармен бірлесіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді және тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Ол өз сөзінде қазіргі карантин жағдайында көші-қонға сенімді бақылауды қамтамасыз ету мәселесі аса маңызы екенін атап өтті.
Сондай-ақ ұрлықтың, оның ішінде ІІМ-нің 2021-2023 жылдарға арналған мүлікті қорғау жөніндегі бағдарламасын іске асыру шеңберінде мал ұрлығының, сонымен бірге ақпараттық технологиялар көмегімен жасалатын алаяқтықтың алдын алу бойынша шаралар әзірлеу қажеттігін жиналғандардың қаперіне салды.

Министр сондай-ақ, жеке құрам арасында заңдылық пен тәртіптің сақталуына, кадр саясатын жетілдіруге, қоғам мен халықтың үмітіне сәйкес келетін “жаңа форматтағы” полиция қызметкерін құруға ерекше назар аударды.

– ІІМ полиция департаменті мен қылмыстық-атқару жүйесінің әрбір бастығының қызметін бағалау критерийлерін әзірлеуге кірісті. Онда халықтың сенім деңгейі, қоғаммен өзара іс-қимыл және жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл міндетті түрде ескерілетін болады, – деп атап өтті ведомство басшысы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру