Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де өткен Қоғамдық кеңесте жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күрес шаралары талқыланды

19 сәуір күні ІІМ-де Қоғамдық кеңес отырысы өткізілді. Жиында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс бойынша қабылданған шаралар туралы талқыланды. Сонымен қатар жасөспірімдердің тәртібімен айналысатын ювеналды полиция инспекторларының жұмысына қатысты өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары қаралды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамдық кеңес отырысының басында сөз алған ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов балалар арасындағы қылмыстың себептеріне тоқталды. Ол кәмелетке толмағандар арасында жағымсыз құбылысты болдырмау үшін мемлекет пен қоғамның барлық қолда бар ресурстарын кешенді түрде жұмылдыру қажет екенін атап өтті.

– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықпен тиімді күресу үшін балаларды қорғау мекемелерін, медицина қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдарды және басқа да профилактикалық субъектілерді тарта отырып, кешенді тәсілді қалыптастыру қажет, – деді Әсет Оспанов.

Өткен жылдан бастап әр білім беру мекемесіне барлығы 6,6 мың ювеналды полиция қызметкері, учаскелік инспектор мен жедел уәкіл бөлінді. Оқушылар арасында профилактикалық жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Биыл жасөспірімдер арасында анықталған бопсалау дерегі екі есе (11-ден–19-ға дейін) өскен. Мектептерде қоғамға жат әрекеттерге бейім бейресми 1,5 мың топ басшы бар екені анықталды. Жиында басқарма бастығы олармен және олардың ата-анасымен заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.

Бүгінде ІІМ-де балалар мен жасөспірімдерге қатысты заңнамаларды күшейту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Жақында қоғамның өтінішін ескере отырып, 2024 жылғы 15 сәуірде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген нысандары үшін жауапкершілікті қатайтатын заңнамалық түзетулер қабылданды.

Жаңа заңнамалық түзетулер балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағаны үшін татуласу мүмкіндігін алып тастайды. Ендігі кезекте кәмелетке толмағандарды суицидке итермелегендер мен жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткендер қылмыстық жауаптылыққа тартылып, оларды өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.

– Жауапсыз ата-аналарға да жаза күшейтіледі. Жыл басынан бері балалардың түнгі уақытта көшеде қараусыз жүргені үшін 28 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылған. Ал бала тәрбиесіне қатысты өз міндеттерін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған ата-аналардың саны 3 есе (7-ден 23-ке дейін) артты, – деді Ә.Оспанов.

Қоғамдық кеңестің талқылау бөлімінде Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы, кеңес мүшесі Баян Жұмашқызы қызметте жүктемесі көбейген ювеналды полиция инспекторларының жұмысы бойынша мәселелерді ортаға салды. Кеңес төрағасы Рақым Ошақбаев кәмелет жасына толмағандар арасында белең алған суицидтің алдын алу жұмыстарын жетілдіру қажет екенін алға тартты.

Жиынға қатысушылар бір-біріне көкейтесті сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру