Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні салтанатты түрде аталып өтті

ІІМ-де Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні салтанатты түрде аталып өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы басты дүниелер – сенімді құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті, тұрақтылықты және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан бұл істе ішкі істер органдарына үлкен міндет жүктелген.

Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында Мемлекет басшысы әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ішкі істер органдарының 57 қызметкерін және Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. “Тәуелсіздікке 30 жыл” мерекелік медалімен ІІМ-нің 739 қызметкері мен ардагері марапатталды.

Марапаттау рәсімі ішкі істер министрлігінде өтті. Министр Ерлан Тұрғымбаев “Барыс”, “Даңқ”, “Айбын”, “Парасат”, “Құрмет” ордендерін 18 басшыға табыс етті.

Сонымен қатар, “Ерлігі үшін” медалімен 37 патрульдік полиция қызметкері, учаскелік инспекторлар, жедел уәкілдер мен тергеушілер марапатталды.

Тәуелсіздік күніне орай қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін министр ішкі істер органдарының 1413 қызметкерін марапаттады, оның ішінде “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” ведомстволық медалімен, “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісімен 354 қызметкер көтермеленді, 600-ден астам әскери қызметшілер мен ІІМ қызметкерлері грамоталар мен алғыс хаттармен марапатталды.

Бірқатар қызметкерлерге мерзімінен бұрын арнаулы атақтар берілді. Сонымен қатар, 43 спортшы полицей және олардың жаттықтырушылары марапатталды.

Ерлан Тұрғымбаев ІІМ ардагерлерін марапаттап, оларға риясыз еңбегі үшін алғысын білдірді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен “Парасат” орденімен ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков, “Құрмет” орденімен ардагерлер Бексұлтан Сәрсеков, Владимир Рыбинский, Жаңаөмiр Жамалов, “Құрмет Грамотасымен” Жұман Нұрпейісов марапатталды. “Тәуелсіздікке 30 жыл” мерекелік медалімен ішкі істер органдарының 22 ардагері марапатталды.

Салтанатты жиында министр Ерлан Тұрғымбаев ардагерлер мен жеке құрамды құттықтап, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлемдегі тұрақты және беделді мемлекетке айналғанын атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Елбасының саясатын жалғастыра отырып, полицияға ерекше көңіл бөліп, бүгінде үлкен қолдау көрсетуде.

Сонымен қатар, ведомство басшысы елдегі қауіпсіздік полицияның жұмысына байланысты екенін, әрбір қызметкердің күш-жігері қылмысқа және кез келген заң бұзушылыққа қарсы тұруға бағытталуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, халық пен полиция арасында сапалы жаңа қатынастар орнату, азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін арттыру маңызды міндет болып табылатынын еске салды.

“Ішкі істер органдарының жеке құрамы құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, алдағы уақытта да өзінің қызметтік борышын үлгілі және жанқиярлықпен атқаратынына сенімдімін”, – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Салтанатты жиын ІІМ мәдени орталығы және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ән-би ансамблі дайындаған мерекелік концертке ұласты.

Анықтама: Тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ішкі істер органдарының 1621 қызметкері және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мемлекеттік наградалармен марапатталды, олардың 147-сі қаза болғаннан кейін. Қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін екі офицерге “Халық қаһарманы” атағы берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру