ІІМ: Еліміздің бірнеше өңірінде "Қауіпсіз үй" профилактикалық іс-шарасы өткізілді
Еліміздің бірнеше өңірінде 17–19 шілде аралығында "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қиын жағдайдағы отбасыларды анықтау және оларға жан-жақты қолдау көрсету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Үй – әр адам өзін қауіпсіз сезінетін, мейірім мен махаббатқа толы мекен болуы тиіс.
Егер шаңырақта қорқыныш пен зорлық болса, бұл бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі.
Бүгінде мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтіп, заңнаманы жетілдіруде, дағдарыс орталықтары мен қолдау қызметтерінің жұмысын дамытуда.
Бірақ ешбір заң адамдардың бір-біріне деген құрметі мен жанашуын, отбасы құндылықтарын алмастыра алмайды.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі Астана, Шымкент қалаларында, Ақмола, Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарында 17–19 шілде аралығында "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Іс-шараға білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласының мамандары және қоғам өкілдері қатысты.
ЖПІШ барысында қиын жағдайға тап болған 20 отбасы анықталып, олармен уәкілетті мемлекеттік органдар жұмыс жүргізіп жатыр.
