Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ мен Цифрлық даму министрлігі алаяқтармен күрестің жаңа тәсілдерін талқылады

Интернет-алаяқтыққа қарсы бірлескен жұмысты талқылау үшін ІІМ-де арнайы отырыс өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өкілдері қатысты. Сондай-ақ байланыс операторларының басшылары мен жауапты мамандары кездесуге онлайн режимде қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Бүгін қаралып отырған тақырып өте өзекті және Мемлекет басшысының бақылауында. Интернет-алаяқтықтың өршіп тұрғанын мойындау керек. Жыл сайын олардың саны артып келеді. Егер 2016 жылы олардың саны мың қылмысты құраса, өткен жылы – 21 мың, ал ағымдағы жылы 11 763 қылмыс жасалды. Бұған пандемия мен шектеу шаралары, қашықтықтан сатып алу және ақша аудару практикасы әсер етті”, – деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Ақпарат алмасу, байланыс, сауда-саттық алаңына айналған ғаламторды технология тілін меңгерген алаяқтар өз құрығына пайдаланып отыр. Тұзаққа түсетін – заңнан бейхабар, қаржылық сауаты аз қарапайым халық.

Биыл алаяқтардың кесірінен 7 млрд. теңге шығын келтірілді. 571 қылмыскер, 17 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды.

Кез келген интернет-ресурсқа тіркеліп, жеке деректерді енгізу қақпанға өзі барып түсумен тең. “Алаяқтардың арбау тәсілі де, түрі де көбейді”, – деді Криминалдық полиция департаментінің басшысы. Оның ішінде өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, ауыстырмалы нөмірден қоңырау шалатын алаяқтық артып тұр. Оларға тосқауыл шараларын Цифрлық даму министрлігі де жан-жақты жүзеге асырмақшы.

“Біз өз тарапымыздан байланыс операторларымен бірлесіп, осы мәселені шешу жолдарын қарастырып, нәтижеге қол жеткіздік. Қазіргі кезде байланыс операторлары, яғни Kcell, КаР-Тел, Теле2 телекоммуникация операторларының арасында телекоммуникация желілерінде рұқсат етілмеген қызметті, оның ішінде алаяқтық әрекеттерді болдырмау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды”, – деді Бағдат Мусин.

 

“Бүгінгі таңда алаяқтардың абоненттік нөмірлерді ауыстыру, орналасқан жерін жасыру қызметтерін, телефондарға қашықтан қол жеткізуге арналған арнайы қосымшаларды пайдалануы өзекті мәселе болып табылады. Көбінесе алаяқтар шетелден болады. Біздің кей отандастарымыздың да оларға көмектесетін жағдайлары кездесіп жатады. Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша ақшаны алып, аударып жатады. ІІМ желісі бойынша біз әріптестерімізге тиісті сұраныстар жолдаймыз. Алайда бюрократиялық механизм, келісу кезеңдері қажетті ақпаратты тез алуға мүмкіндік бермейді. Мен бұл мәселені ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Ішкі істер министрлері кеңесінің алдағы отырысында көтеруді жоспарлап отырмын”, – деді Марат Ахметжанов.

ІІМ интернет-алаяқтыққа тосқауыл қоюды қатаң бақылауға алып отыр. Тәртіп сақшылары жиын барысында SMS-хабарлама арқылы қысқа мәтінді ескерту ақпараттарын тарату қажеттігін айтты. Оған барлық байланыс жүйесі атсалысу керек. Ең басты міндет – қылмыстың алдын алу. Ол үшін халықты ақпараттандыру, түсіндіру жұмысын күшейту қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру