Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-не еліміздегі үздік учаскелік инспекторлар жиналды

ІІМ-не еліміздегі үздік учаскелік инспекторлар жиналды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысы министрлікке полиция жұмысын “сервистік моделге” көшіруді тапсырған болатын. Бұл модель азаматтық қоғамның қажеттілігіне бағдарланған ішкі істер органдарын реформалаудың маңызды кезеңі болып табылады. Ел Президенті полицияның ұлттық сервистік моделіндегі басты тұлға ретінде учаскелік полиция инспекторларын атап көрсетті.

“Учаскелік инспектор – бұл белгілі бір аумақта қылмыстың алдын алудың негізгі тұлғасы”, – деді ол.

Президент учаскелік инспекторлар жұмысы жергілікті халықтың проблемаларын шешуге, қылмыстың тікелей немесе жанама жолын кесуге, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиістігін атап өтті.

Бүгінде учаскелік полиция инспекторлары ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көпфункционалды қызмет болып табылады және халықпен жеке байланыста болады.

Учаскелік инспекторлар қылмыстық іс жүргізуді жүзеге асыруға, әкімшілік құқық бұзушылықтардың 50-ден астам құрамы бойынша өз бетінше жаза қолдануға құқылы. Олар құқықтық тәртіпті, жол қауіпсіздігін, көші-қон саласындағы бақылауды, аумақтың абаттандырылуын, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етеді, сотталған адамдардың, отбасылық тирандардың және басқа да маргиналды элементтердің өмір салтын бақылайды.

Функционалдық міндеттеріне байланысты учаскелік инспектор халықпен тығыз байланыста болады. Осылайша “жұртқа жақын полиция” қағидатын іске асыруда маңызды рөл атқарады, өйткені ауылдағы учаскелік инспектор полицияның, кейде мемлекеттік биліктің жалғыз өкілі болып табылады.

Жыл қорытындысын шығара отырып, ІІМ кәсіби қасиеттерін, дене даярлығын, сондай-ақ халықтың пікірін тексеру жөніндегі комиссиямен таңдалған үздік учаскелік полиция инспекторларының слетін өткізді.

Қорытынды кезеңде үш номинация бойынша үздік учаскелік полиция инспекторы атағына онлайн-дауыс беру өткізілді.

Мәселен, дауыс берушілердің пікірі бойынша “Республикалық маңызы бар қаланың үздік учаскелік полиция инспекторы” болып Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы полиция басқармасының учаскелік инспекторы Ұлан Жүнісбеков танылды.

Түркістан облысы Полиция департаментінің Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Нұрлыбек Асанханов “қалалық жердегі полицияның үздік учаскелік инспекторы” атанды.

Түркістан облысы ПД Келес аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Бекжігіт Асабаев “үздік учаскелік полиция инспекторы” атанды.

Осыған ұқсас конкурс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторлар арасында өткізілді.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы алдын алу жұмыстарын күшейту үшін ағымдағы жылы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының штат саны 1181 бірлікке дейін ұлғайтылды.

Мәселен, “Республикалық маңызы бар қаланың кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі үздік учаскелік инспекторы” Ұлбосын Мұсабекова – Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есіл ауданы ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі УПИ атанды.

“Қалалық жердегі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі полицияның үздік учаскелік инспекторы” номинациясында Атырау қаласы ПД кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторы Анаргүл Карлагашева жеңімпаз болды.

“Ауылдық жерлердегі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі полицияның үздік учаскелік инспекторы” атағы Алматы облысы Талғар аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Айгүл Бейсембаеваға берілді.

Үздік қызметкерлерді марапаттай отырып, министр Ерлан Тұрғымбаев “учаскелік инспектор – нақты аумақтағы қылмыстың алдын алудың негізгі тұлғасы. Мемлекет басшысы учаскелік полиция инспекторларының ішкі істер органдары реформасын және “жұртқа жақын полиция” қағидатын іске асырудағы маңызды рөлін дәл осылай атап өткен еді. Бүгінгі іс-шара учаскелік полиция инспекторларының кәсіби біліктілігін және олардың жұмысын жоғары деңгейге көтереді деп есептеймін”, – деп түйіндеді министр.

Министр ПИК және еріктілер қозғалысының өкілдерін де марапаттады.

“Бүгінде азаматтар мен қоғамдық ұйымдар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу жұмыстарына өз үлестерін қосуда”, – деді ведомство басшысы.

Слет кезінде қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін полиция жұмысының негізгі бағыттары, соның ішінде сервистік модельге көшу, құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша оқыту семинарлары өткізілді, сондай-ақ профилактикалық қызметті одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар зерделенді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру