Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ “погондағы” үздік журналистерді анықтады

Ішкі істер министрлігі журналистер арасында “полиция өмірінің бір күні” атты байқау өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы байқау аясында республикалық және өңірлік БАҚ-тың 40 өкілі құқық тәртібі, қылмыстарды ашу және тергеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жалпы азаматтардың қауіпсіздігін қалыптастыратын қарапайым полицейлердің – жедел уәкілдердің, тергеушілердің, патрульдердің, учаскелік, криминалистер мен кинологтардың жұмысымен танысты.

“Ең креативті журналист” номинациясында “Zakon.kz” АА-нің тілшісі Баубек Қоңыров жеңіске жетті. Ол пенитенциарлық жүйе қызметкерлерінің жұмысын зерттеген болатын. “Казахстанская правда” газетінің аға тілшісі Елена Левкович “кәсібилігі мен журналистік шеберлігі үшін” дипломына ие болды. Елена Ұлттық ұлан сарбазы ретінде қызмет атқарды. “Qazaqstan” телеарнасының продюсері Сымбат Смағұлова “Жылдың үздік жобасы” дипломын иеленсе, “Үздік тақырып” дипломымен “Түркістан” телеарнасының журналисі Назым Иноятова марапатталды. Бұл екеуі учаскелік полиция инспекторларымен бірге жұмыс істеген еді.

“Егемен Қазақстан” газетінің аға тілшісі Бану Әділжан мобильді қылмыстық зертхананың, 3D модельдеу кешенінің жұмысымен танысты. Ал “Казахстанская правда” газетінің шолушысы Александра Власова кинолог болып, төрт аяқты “жауынгерлердің” қылмыстарды ашуға қосқан елеулі үлестеріне куә болды. “Время” газетінің меншікті тілшісі Лейла Тастанова ювеналды полицей рөлінде проблемалы отбасылармен жұмыс істеді. Барлық үш журналист “Үздік мақала” дипломымен марапатталды.

“Qazaqstan” телеарнасының “TAŃSHOLPAN” бағдарламасының редакторы Ботакөз Сағындық “үздік бейне материал” номинациясын жеңіп алды. Ол қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесті. “Үздік аудио материал” номинациясы Қазақ радиосының редактор-жүргізушісі Азамат Тілеповке бұйырды. Азамат интернет-алаяқтық, есірткі қылмыстары, автокөлікті тіркеу бойынша материалдар дайындаған еді.

“Үздік жарияланым” номинациясы бойынша “Baq.kz” АА-нің тілшісі Аягөз Құрмашева және “Polisia.kz” ақпараттық порталының шығарушы редакторы Шұғыла Тұрлыбек полицияның жедел басқару орталығы мен мамандандырылған күзет қызметі офицерлерінің стратегиялық нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысы туралы баяндады.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев құттықтау сөзінде журналистер байқауда полиция қызметінің өте маңызды бағыттарында жұмыс істей алғанын атап өтті. Өйткені жергілікті полиция қызметі, криминалистер, патрульдік, кинологиялық қызметтер, ювеналдық полиция қызметкерлері ішкі істер құрылымындағы негізгі буын болып табылады және өздерінің күнделікті жұмысында халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Олардың қызметін тұрғындар әрдайым байқай бермейді. Әйтсе де қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін және елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде олардың еңбегі өлшеусіз, – деп атап өтті ведомство басшысы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру