Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ішкі істер органдары қызметкерлері арасында облыстық байқау өткізілді

Қарағанды облысында ішкі істер органдары қызметкерлері арасында «Абай оқулары» атты облыстық байқау өткізілді,-деп хабарлайды Polisia.kz.

 

Ағымдағы жылы қазақ тарихымен әдебиеті әлемінде айрықша орын алатын және ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл. Абай есімі дүние жүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Осы атаулы мереке қарсаңында Қарағанды облысының ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының ұйымдастыруымен Қарағанды облысының ПД Саран қаласы полиция бөлімінің қабырғасында ағымдағы жылдың 25 ақпан күні Қарағанды облысының ішкі істер органдары қызметкерлері арасында «Абай оқулары» атты облыстық байқау өткізілді.

Аталған іс-шараға Қарағанды облысы ПД қарасты ішкі істер органдарының қызметкерлері қатысты. Байқаудың басты мақсаты- тіл мәдениетін көтеру, ұлттық болмыс пен құндылықтарды ұлықтау, ішкі істер органдары қызметкерлері қатарынан талантты жастарды анықтау.

Байқаудың шымылдығы Саран қаласының ПБ хорының орындауында Абай атамыздың «Көзімнің қарасы» атты әнімен ашылды. Алғашқы құттықтау сөзі Қарағанды облысының ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қайыркен Жетпісбайұлы Әлиевке берілген болатын.

Полиция полковнигі өз сөзінде: « Бүгінгі ұрпақтың Абай шығармаларын толыққанды нәр алуын ерекше мән беруіміз керек. Өйткені ақын өлеңдерінің басты мұраты-адам тәрбиесі мінез-құлық, әдеп, ар-ұят сияқты мәңгілік мәселелер. Ал, оны рухани жаңару мен жаңғырудың басты арқауы етіп алу- Абай жолын ұстанған ұлт мерейінің асқақтығы деп білеміз »- деп атап көрсетті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған байқау екі кезең бойынша өтті.


«Заманауи көзқарас» деп аталған алғашқы кезеңде қатысушылар Абайдың қара сөздерін біреуін таңдап, онда айтылған ойды өз пікірімен ұштастыра отырып баяндаудан сынға түссе, ал, «Жүрегімнің түбінен терң бойла» деген атпен өткен екінші кезеңде Абай Құнанбаевтың бір өлеңін нақышына келтіріп оқып беруден жарысқан болатын.

Байқаудың ақ-қарасын ажыратып, әділ бағасын беретін әділ қазылар алқасы үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді таңдау талғамына, өлең оқу шеберлігіне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтап сөйлеуіне, қара сөз бен өлеңді нақышына келтіріп оқуына, сахналық өнер көрсету мәдениетіне және қазақтың ұлттық киім үлгісіне баса назар аударған болатын.

Байқаудық қорытындысы бойынша жүлделі 1-орын дипломмен Қарағанды облысының ПД Теміртау ПБ Шығыс полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Асқар Әуесхан қанжығасына байласа, жүлделі 2-ші орынды Қарағанды қаласының ПБ криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі полиция капитаны Айсауле Жеңісқызы еншіледі.

Ал 3-орынға Қарағанды қаласының ПБ Орталық ПБ ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының жетекші маманы Гүлназия Құралбек табан тіреді.
Барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Жалпы байқау жоғарғы деңгейде өткізілді.

Алдағы уақытта да Абайдың рухани мұрасын насихаттауда Қазақстан полицейлері де өзіндік үлесін қоса беретініне сеніміміз мол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру