Итті тұншықтырып өлтірген көкшетаулық қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Итті тұншықтырып өлтірген көкшетаулық қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 шілде күні сағат 11.16 шамасында Көкшетау қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне Әуезов көшесінде жеке секторда тұратын облыс орталығының тұрғынының өтініші келіп түсті.
Азаматшаның айтуынша, 53 жастағы көршісі оның байлаулы итін тұншықтырып өлтірген.
Оқиға орнына келген полицейлер өтініш берушінің 4 үйге бөлінген жеке үйде тұратынын анықтады. 15 шілдеге қараған түні көрші ер адам үрген итті тыныштандыру үшін жібін қатты тартып байлаған, бірақ күшін еселеп жіберіп, үй жануарын тұншықтырып жіберген. Өлі иттің денесін азаматша таңертең ғана байқап, бірден полицияға жүгінді.
Аталған фактіге сәйкес полицейлер ҚР ҚК 316-бабы 2-бөлігі (Жануарларға қатыгездік көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сондай-ақ, ер адамның жалғыз тұратыны және алкогольді пайдаланатыны анықталды. Қылмыс жасалған түні қала тұрғыны мас күйінде болған деп болжануда. Қазіргі уақытта полицейлер болған оқиғаның мән-жайын анықтауда.
Осы баптың санкциясына сәйкес, бұл әрекет 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алумен жазаланады.