Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Каникулдағы қауіпсіздік. Полиция оқушыларға не үйретті?

Ішкі істер министрлігі мен BAQ.KZ ақпарат агенттігінің бірлескен жоба аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде “Қызықты каникул-қауіпсіз каникул” сабағы өтті. Ішкі істер органдарының қызметкерлері бастауыш сынып оқушыларына алда келе жатқан жазғы каникул кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау ережелерін түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz BAQ.KZ ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Міндет пен мақсат

Естеріңізге сала кетейік, агенттігіміз бен ІІМ-нің бірлескен жобасының алғашқы сабағы жолдағы қауіпсіздік ережелеріне арналды. Оған Райымбек батыр атындағы №50 “Қазғарыш” мектебінің 6-сынып оқушылары қатысқан болатын.

Ішкі істер министрлігінің ілкімді шарасы туралы Идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің қызметкері Қуаныш Игіман айтып берді.

– Бұл шараны екінші мәрте ұйымдастырып отырмыз. Мұндай шараны дәстүрге айналдыру ойымызда бар. Қалған сабақтар басқа тақырыптарға арналады. Президенттің тапсырмасына орай  мектеп оқушыларына бағытталған. Есірткі мен нашақорлықтың алдын алу, жолдағы қауіпсіздік, суға шомылу маусымына  қарай қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша сабақтар өтеді. “Бала – біздің болашағымыз” дейміз, осындай қым-қуыт тірлікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету олардың білімін, сауатылығын арттырумен байланысты. Біз үйде айтамыз, алайда мектепте көрнекті сабақтар өткізсек әсері мен тиімділігі жоғары болады деп ойлаймыз, – деді Қуаныш Жомартұлы.

Бала мен дала

Дәріс кезінде мектеп оқушыларына көшедегі қауіпсіздік шаралары, жолдағы   қауіпсіздік талаптары туралы айтылды.

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Ботагөз Сүгірбаева жеке қауіпсіздікті сақтау дағдыларын қалыптастыру және жеке өмірдің қауіпсіздігін сақтау шаралары туралы айтты.

– Биыл Президенттің жарлығымен Балалар жылы деп жарияланды. Осыған байланысты Үкімет бірқатар арнайы жоспарды әзірледі. Оның аясында Ішкі істер министрлігі де іс-шараларды ұйымдастырып жатыр. Әрине, бұл тек Балалар жылында ғана іске асыратын бастама емес. Біз жыл сайын жазғы демалыс жақындаған кезде осындай дәстүрлі шараларды ұйымдастырамыз. Бұл – ең алдымен балалардың қауіпсіздігі, – деді Ботагөз Сүгірбаева.

Оның айтуынша, қазір балалардың жарты күні мектепте өтетін болса, демалыс кезінде көп уақыты далада өтеді.

– Ата-аналардың көбі жұмыста болады. Балалардың бос уақыты қамтылмай қалады. Біз ата-аналармен, мұғалімдермен де түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Балалар барынша демалыс уақытын тиімді өткізуі керек. Сондықтан оқушылардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз ету бойынша бағыт-бағдар беру аса маңызды. Балалар күндіз, не түнде көшеде жүрген кезде қылмыстың нысаны болып қалуы әбден мүмкін. Олар біз айтып отырған қауіпсіздік шараларын ұстанса, балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға себепші болар едік деген ойдамыз. Балалардың өзі үлкендерге сеніммен қарайды. Ал сенімділікке көп нәрсе тәуелді. Осындай сеніп қалудың нәтижесінде қылмыс саны көбеюі мүмкін. Сондықтан түсіндіру сабақтары, жұмыстарын өткізу керек, – деді Сүгірбаева.

Жолдағы жазатайым

Мектептен тыс уақытта және жазғы каникулда балалардың жолдағы қауіпсіздікті ұстануы де аса маңызды.

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті әкімшілік практика тобының аға инспекторы, полиция капитаны Асылхан Жүзбаевтың айтуынша, жолда болатын жазатайым жағдайлардың төрттен бір бөлігі жаяу жүргіншілердің қатысуымен болады.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде 1759 оқушы бар. Жыл сайын елордада жол-көлік оқиғасынан 2 мыңнан астам адам қаза табады. Бұл бір мектептің оқушыларынан да көп болып отыр. Ал 20 мыңнан астам адам жарақат алады. Биылдың өзінде 2600 жол апаты болған. Оның ішінде 410 адам қаза тапты. Осындай оқиғаның барлығы қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болып отыр. Көп жағдайда жүргізушілердің мас күйінде көлік жүргізгеннен болады, – деді ол.

Жүзбаев оқушыларға жолда жүрудің басты алғышарттары мен тәртіптерін түсіндірді.

– Балалар барлық тәртіпті ұстану арқылы қылмыстың алдын алатын азамат болып жетіледі. Мектеп қабырғасында алған әрбір ақпарат маңызды әрі тиімді. Жол қауіпсіздік ережелерін, оның ішінде жаяу жүргіншілердің тәртібін сақтау керек. Балаларға бағдаршамнан, жаяу жүргіншілер жолынан, жан-жағыңа қарап, асықпай жүру тәртібін қарапайым тілмен түсіндірдіруге тырыстық. Мектеп оқушылары алған білімін жинап, сыни ойлауды дамыту арқылы шешім қабылдаулары өзекті болып отыр, – деді Асылхан Жүзбаев.

Инспекторлардың міндеті 

Дәріс барысында Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің “Алматы” ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Ақдидар Шәрімбекованың құзырына осы мектеп кіреді.

– Қазір технология дамыған заманда интернетке бала мен жасөспірімнің  қол жеткізуі жеңіл. Жасыратыны жоқ, соңғы 4-5 жылда балалардың ой өрісі тез дамиды. Олар көп дүниені жаңалық ретінде көргісі келеді. Сондықтан ата-аналар балаларына аса назар аударуы керек. Ал қазіргі тіршіліктің қамымен көп ата-ана баласына қажетті деңгейде көңіл аудара алмай жатады. Балалардың бос уақыты жоқ. Ұялы телефонды шамадан тыс қолданатыны да бар, – дейді Шәрімбекова.

Оның айтуынша, оқушылардың уақыты негізінен мектепте өтетін болғандықтан, өз саласында тәжірибелі мамандардың осындай түсіндіру жұмысын жүргізгені абзал.

– Бұл да жазатайым оқиғалардың, қылмыстың алдын алуға септігін тигізеді. Осындай шаралардың жиі болғанын қалаймыз. Қазір бұйрық бойынша мектеп инспекторларын алып тастады. Оның орнына мектептерде мамандар штаты жұмыс істейді. Балалардың құқықтық қауіпсіздігіне қатысты жұмыстарға полиция емес педагог мамандары тартылып жатыр. Бірақ балалар формадағы, шенді адамдардан аяқ тартады. Мектеп инспекторы ретінде бізге міндеттелген біраз жұмыстан арылдық. Дегенмен үлгере алмайтын жағдайлар көп кездеседі. Күнделікті деңгейде мектепте болмағандықтан өз қызметімізді тыңғылықты орындауға уақыт тапшы болады. Сондықтан осындай түсіндіру жұмыстарын кеңінен әрі жиі өткізген дұрыс деп ойлаймын, – деді Ақдидар Шәрімбекова.

Оқушылардың әсері

2 сағатқа созылған сабақ барысында балалардың аса белсенділігін атап өтуге болады. Қауіпсіздік ережелерін түсіндіру кезінде мектеп оқушылары кәсіби мамандарға толассыз сұрақ қойды. Олардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінің 4а-сынып оқушысы Сая Жомарт.

– Бүгінгі дәрістен өзіме қажет көп пайдалы мағлұматтарды алдым. Күнделікті өмірде де осы пайдалы мәліметтерді пайдаланып жүрем. Өзім далада ойнап жүргенде, велосипед тепкенде және бағдаршамнан өткенде осы мамандар айтқан қауіпсіздік шараларын қолданамын. Менімен жасты балалар да осы тәртіптерді орындап жүрулері керек деп ойлаймын, – деді Сая Жомарт.

Ал сабақтан үлкен әсер алған 4б-сыныбының оқушысы Мансұр Нұртаев сабақтың ұнағанын айтты.

Мен бүгінгі сабақтан көп керек ақпарат алып, бұрын білмеген нәрселерді түсіндім. Өзім көшеде жүргенде ешқандай бұзушылық жасамаймын. Мысалы, менің құрдастарым кейде көшеде ойнап, төбелесіп жүреді. Оларға жолда абай болып, тәртіпті болып жүрсін деп айтқым келеді. Бүгін апай мен ағайлар айтқан тәртіптерді бәріміз ұстануымыз керек, – деді Мансұр Нұртаев.

Сабақ барысында әртүрлі авторлар полицияның өмірі мен жұмысы туралы “СЕРТ” кітабын мектептің кітапханасына тапсырды.

Сондай-ақ Қаһарман батыр Ғазиз Байтасовтың өмірбаяны жазылған “Капитанның тағдыры” деген кітап пен балалар мен жасөспірімдердің ата-аналары білуі керек ақпарат жазылған нұсқаулықтар таратылды.

Айта кетейік, осындай сабақтар өңірлерде де жүзеге асырылып жатыр. Олар агенттіктің өңірлердегі меншікті тілшілерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Мәселен, жақында Павлодар облысында жол қауіпсіздігіне арналған шара өткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру