Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Карантин кезінде де алаяқтардың айласы таусылмай тұр

Төтенше жағдайды пайдаланып, алаяқтықпен пайда таппақ болған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорған полицейлері төтенше жағдайды пайдаланып, сатушыларды алдап, алаяқтықпен пайда таппақ болған күдіктіні ұстады. Қазіргі таңда оның осыған ұқсас бірнеше дерекке қатысы бары дәлелденді. Жәбірленушілердің тізімі әлі де артуы мүмкін.

Талдықорған қаласының ПБ кезекші бөліміне қаладағы сауда орталықтарында сатушы болып қызмет еткен төрт азаматша бейтаныс ер адамның төмен бағамен азық-түлік ұсынып, олардан ақша сомасын алғаннан кейін жасырынғаны туралы арызданған. Барлық деректер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

“Күдіктіні жәбірленушілер бірден таныды. Көксу ауданының 41 жастағы тұрғыны коронавирустық індеттің таралуына байланысты азық-түліктің қымбаттауы туралы қауесетті пайдаланып, өзінде жоқ болса да, күнбағыс майы мен қантты арзан бағамен өзгелерге ұсынған. Сатушылардан алдап алған ақшаны ол өз қажеттілігіне жұмсаған”, – деп хабарлайды Талдықорған қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Дархан Қазақбеков.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция күдіктінің дәл осындай іс-әрекетінен зардап шеккен азаматтарға жақын жердегі полиция бөлімшесіне баруын немесе “102” арнасы бойынша, сондай-ақ 60-80-67; 60-80-66 телефондары арқылы хабарласуын сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру