Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кентауда мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Кентау қаласының полицейлері мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау қаласының полициясына жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары мал ұрлығының құрбаны болғаны бойынша арызданады. Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, белгісіз адамдар жайылымнан оның бес бас сиырын ұрлап кеткен, ал басқа ауыл тұрғыны болса, жылқысының ұрланғанын жеткізген. Аталған жайттарды полиция қызметкерлері СДТБТ-ға “Мал ұрлығы” бабы бойынша тіркеді, екі жағдайда келтірілген шығын шамамен екі миллион теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері Кентау ҚПБ-ның қызметкерлерімен бірлесе отырып, төрт күдіктіні ұстады. Олар Түркістан және Кентау қалаларының тұрғындары болып шықты. Күдіктінің біреуі бұрын мал ұрлағаны үшін сотты болған. Белгілі болғандай, жас жігіттер көбінесе қараусыз қалдырылған малдарды еркін жайылымдардан немесе шаруашылық аулаларынан ұрлап кеткен. Содан кейін ұрылар, ұрланған малды “Газель” автокөлігіне тиеп, қылмыс орнынан жасырынып отырған. Ұрланған малдарды Төлеби ауданы аумағында сатып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Бүгінгі таңда тергеу күдіктілердің мал ұрлығының бес жайтына қатысы бар екенін анықтады, олардың төртеуі 2019 жылы жасалса, бір дерек 2021 орын алған. Жалпы күдіктілер ауыл тұрғындарынан 16 бас ірі қара мен бір жылқыны жымқырған. Келтірілген шығынның жалпы көлемі алты миллион теңгеден асты. Полиция ұрланған жылқыны тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарып берді. Тергеу жалғасуда. Оқиғаның мән-жайы және күдіктілердің басқа да осыған ұқсас мал ұрлығына қатысы бар-жоғы анықталуда.

Мал ұрлығын болдырмау үшін Түркістан облысының полицейлері азаматтарға төрт-түлікті жайылымдарда және қора-жайларында қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Малды еркін жаю үшін бақташы жалдау керек, ал аулалар мен қораларды сенімді қоршаумен нығайту қажет. Сондай-ақ, малды таңбалауды ұмытпаңыздар. Егер, сізде, мал жоғалса немесе ұрлықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның “102” нөміріне хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру