Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кісі өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасынан жүргізуші қашып кеткен

Алматы облысында кісі өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші оқиға орнынан бой тасалаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алайда, полиция қызметкерлері қысқа уақыт ішінде жасырынған жүргізушіні ұстады.

Қайғылы оқиға 11 шілде сағат 13.30 шамасында Қарасай ауданында орын алған. Полицияға Долан ауылының шетінен көлік қағып кету белгілері бар ер адамның денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түскен.

– Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы алынған ақпаратты растады, бірақ ЖКО-ға кінәлі азаматты ізін суытпай анықтап, ұстау мүмкін болмады, себебі бой тасалаған автокөліктің маркасы да, нөмірі де белгісіз. Қайтыс болған адамның жеке басы анықталғаннан кейін, оның 58 жастағы жергілікті тұрғын екендігі және қайғылы оқиғаның сағат 04.30 шамасында орын алғандығы анықталды. Туысқандарының айтуы бойынша ол таңертең Алматы қаласына жұмысқа шыққан, – деп хабарлайды Алматы облысы ПД ЖПҚБ іздеу тобының инспекторы Алдияр Тайбеков.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жамбыл ауданынан “Mersedes-Benz 190” маркалы автокөлігінің 25 жастағы жүргізушісі анықталып, ұсталды. Ол бастапқыда машинаның тұрған жерін жасырып, оны көрсетуден бас тартқан, алайда ұсынылған дәлелдерден кейін әшкереленіп, көлік құралының тұрған жерін көрсеткен.

– Оның жеке шеберлер арқылы жол-көлік оқиғасы кезінде пайда болған зақымдануларды үйде жөндеп үлгергені анықталды. Сол күні ол таңертең ерте Алтын Орда базарына жұмысқа бара жатқан. Жаяу жүргіншіні қағып кеткен ол, қорыққанынан оқиға орнынан қашып кеткен, – деп толықтырды Тайбеков.

Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі, 346-бабы 1-бөлігі бойынша тіркеліп, тергеліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру