Көкшетауда 17 жастағы елордалық есірткі «қойып кетумен» айналысқан
Көкшетауда 17 жастағы елордалық есірткі «қойып кетумен» айналысқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұзушылық «Қарасора-2022» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында анықталды.
5 тамызда вокзал маңындағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері астаналық мектептердің бірінің оқушысы – Нұр-Сұлтан қаласының 17 жастағы тұрғынын ұстады. Жас жігітті жеке тінту барысында құрамы ақ түсті ұнтақ тәрізді консистенциялы 17 қалташа тауып, тәркіледі. Болжам бойынша салмағы шамамен 8 грамм болатын тыйым салынған мефедрон препараты.
Сондай-ақ, ұсталған жеткіншек есірткі салған орындарды суретке түсірген ұялы телефон тәркіленді. Мобильді құрылғыны тексеру кезінде ұсталған күні жас жігіт синтетиканы салған мекенжайлар анықталды: Кенжетаев, Сүлейменов, Ақбидай көшелері. Мұнда жедел уәкілдер ұқсас заты бар 118 қалташа тауып алды. Тәркіленген препараттың болжамды салмағы шамамен – 60 грамм.
Полицейлер анықтағандай, маусымда жас жігіт курьер ретінде жұмысқа орналасқан, кейін Telegram арқылы елорда мен Көкшетау аумағында есірткі салу жөніндегі нұсқаулықтарды алған. Бір қызығы, ұсталған жігіт жалақыны криптовалюта түрінде алып жүрген.
Аталған фактіге сәйкес қазіргі уақытта ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу жүргізілуде. Тергеу жалғасуда.