Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда ғимараттарды “миналаған” адам батысқазақстандық жасөспірім болып шықты

Көкшетауда ғимараттарды “миналаған” адам батысқазақстандық жасөспірім болып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Естеріңізге сала кетсек, 28 маусымда полицияға Ақмола облысының Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының және Көкшетау қалалық сотының  хатшысының электрондық мекенжайына жарылғыш құрылғылар салынғаны туралы хабарлама келіп түскен болатын.

Осыған ұқсас мәтіндік хабарлама өңірлік жаңалықтар порталдарының бірінің бас редакторының атына да келіп түсті. Оқиға орнына дереу полиция департаментінің бөлімшелері және басқа да шұғыл қызметтер жіберілді.

Аталған әкімшілік ғимараттар мен оған іргелес жатқан аумақ патрульдік полиция батальонының күшімен қоршалып, қызметкерлер мен келушілер эвакуацияланды, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. ПД жарылыс техниктері мен кинологтар сот ғимараттары мен редакцияларын зерттеп шықты.

Тексеру нәтижелері бойынша жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары ҚР ҚК 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Екі ай бойы полиция қызметкерлері хабарламалардың авторын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін өткізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері күдіктіні анықтады, ол Батыс Қазақстан облысы ауылдарының бірінің 15 жастағы тұрғыны болып шықты.

Алғашқы тергеу әрекеттері барысында жедел уәкілдер жалған хабарламалар жіберілген компьютерді тәркіледі. Қазіргі уақытта полиция жасөспірімді осы қылмысты жасауға итермелеген жағдайларды анықтауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру