Көкшетауда көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізуші ұсталды
Көкшетауда көлік жүргізу куәлігінен 7 жылға айырылған жол талғамайтын көлік жүргізушісі ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 26 ақпанына қараған түні сағат 02:00 шамасында патрульдік полиция батальонының «Әскер 7» экипажының қызметкерлері Әсет Аманбай пен Данияр Жамбылов Абай-Темірбеков көшесінің қиылысында Toyota Land Cruiser автокөлігін тоқтатқан. Көліктің тізгінінде облыс орталығының 22 жастағы тұрғыны отырған. Жүргізушіден шыққан алкогольдің өткір иісін сезген қызметкерлер оны көлік жүргізуден шеттетті. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ақмолалық “жеңіл” дәрежелі мас күйде болған.
Құжаттарды тексеру барысында аталған азамат өткен жылдың қазан айында 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болған адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Көлік айыппұл тұрағына қамалды.
Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша мас күйде көлік жүргізгені үшін 315 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.