Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі ПД қызметкерлері Ұлттық киім күнін атап өтті

Ұлттық киім күні мерекесіне орай көліктегі полиция департаментінің жедел уәкілдері, тергеушілері, анықтаушылары мен криминалистері, сондай-ақ кадр және баспасөз қызметінің мамандары жұмысқа ұлттық киіммен барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ер азаматтар – шапан, ал әйелдер қауымы – сәнді қамзолдар киген. Нәзік жандылар таққан көзжауын алатын білезік-сырғалар ұлттық нақыштағы киімдерге қосымша рең береді. Бұл элементтер жай ғана әшекей емес, тарихи мәні бар, былайша айтқанда олардың әрбір ою-өрнегі тәлім-тәрбиеге бай мәдениетімізден сыр шертеді.

Басты мақсат – этникалық өзіндік ерекшелікті насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды ілгерілету және игі дәстүрлерлерімізді одан әрі нығайту.

Бұл іс-шараға департаменттің 27 полиция бөлінісінің қызметкерлері мен бүгінгі жас буынға бай тәжірибесін беріп, қызметтің озық дәстүрлерін дәріптеп жүрген ішкі істер органдарының ардагерлері де атсалысты.

– Бұл, ең алдымен, халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұрасына деген зор құрметтің белгісі. Екіншіден, бұл жас қызметкерлерді патриотизм рухында және қазақи салт-дәстүрін ұлықтап, сыйлау білуге тәрбиелеудің негізі, — деді Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есболат Шаймерденов.

Көліктегі ПД ақпараттық саясат басқармасының бастығы Ляззат Қасымжанова тағылымға толы бұл мерекенің департаментте жыл сайын атап өтілетінін, тіпті оның игі дәстүрге айналғанын айтты.

– Әсемдігімен көз тартатын ұлттық киімдеріміз біз үшін өте құнды, әрі әрқайсымызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Мерейлі мерекеде барша әріптесіме мықты денсаулық, отбасылық бақ-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Абыз бабаларымыз бен аяулы аналарымыздан мирас болған киімдерімізге құрметпен қарап, ұлттық ерекшелігімізді әрқашан айшықтап жүрейік, — дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру