Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі полиция департаментінің 2019 жылғы жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы

Өткен жылы көлік полицейлерімен 54 мыңнан аса құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz порталының тілшісі.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы Онал Бекеевтің төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Онда Департаменттің 2019 жылғы жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары талқыланып, көлік полициясының алдағы кезеңге арналған міндеттері айқындалды. Мәжіліске ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди, Бас көлік прокурорының орынбасары Қ. Әблезов сондай-ақ Департамент аппараты қызметтері мен желілік полиция бөліністерінің басшылары қатысты.

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев өткен жылдың сәуір айында ІІМ-нің Алқа жиналысында: «Азаматтардың әл-ауқаты, қалалар мен ауылдардың тыныш өмірі, балаларымыздың қауіпсіздігі, сондай-ақ әр үйлер мен мүліктердің қорғалуы полицейлерге байланысты» , – деген болатын.

«Осы орайда, Департамент азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, құқықтық тәртіп пен заңдылықты нығайту бағытындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Ішкі істер министрлігінің алға қойған міндеттерін орындауға, сондай-ақ, еліміздің әуе және темір жол көлігі нысандарындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қажетті шараларды қабылдауда», – деді Оңал Бекеев. Оның айтуынша, 2019 жылғы қызметтің беделін арттыру, халықтың құқықтық мәдениетін жетілдіру бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілді.

Қазақстанның көлік полицейлері өткен жылы теміржол көлігінің 20 млн. аса жолаушысы мен әуе көлігінің 14 млн. жолаушысының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Өткен жылғы жедел-қызметтік іс-шаралардың нәтижелерін жария ете отырып, О. Бекеев КПД қызмет көрсететін аумақта жүргізілген кешенді ұйымдастырушылық-тәжірибелік шаралардың нәтижесінде құқық бұзушылықтар санының 12,4%-ға, оның ішінде орташа ауыр қылмыстар 16,4%-ға және ауыр қылмыстар деңгейі 13,1%-ға төмендегенін айтты. Сондай-ақ, бөтен мүлікті ұрлау 18%-ға және есірткі қылмыстары 18,4%-ға төмендеген.

Былтырғы жылдың 12 айында Департаменттің жедел қызмет көрсету аумағында 2143 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, олардың ашылуы 72,9%-ды құрады. Сондай-ақ, 54153 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 106 млн. теңгеден аса әкімшілік айыппұл салынды.

Басқосуда заңсыз көші-қон мәселелеріне де баса назар аударылды. ҚР Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2729 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот қаулыларымен 234 шетелдік азамат елден шығарылды.

Бұдан соң Департаменттің желілік бөліністеріндегі кейбір көкейкесті мәселелер талқыланды.

Өз кезегінде, Бас көлік прокуратурасының өкілі қатысушылардың назарын азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауға және қызмет көрсету аумақтарында қылмыстың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шараларға аударды.

Мәжілісті қорытындылай келе, Алексей Калайчиди «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасымен» көзделген іс-шаралар кешенін іске асыру шеңберінде кадр саясатын жетілдіру, тәртіп пен заңдылықты нығайту, Департаменттің жеке құрамы арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл жұмыстарын жандандыру қажеттігін нықтап айтты.

«Бүгінгі күні негізгі есептік көрсеткіштерді жақсартып қана қоймай, полицейлер қоғамның өздеріне деген сенімін нығайту жолында да еңбек етулері тиіс»,- деп түйіндеді сөзін Ішкі істер министрінің орынбасары. Сондай-ақ ол, көлік полицейлеріне профилактикалық жұмыстарды одан әрі күшейту, қылмыстардың алдын алу және ашу бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру