Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көмек сұраған зейнеткердің ақшасын ұрлап кеткен ер адам жауапқа тартылуда

Түркістан облысының полицейлері зейнеткердің банктік карточкасынан ақша ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам аудандық полиция бөліміне егде жастағы жергілікті тұрғыннан арыз келіп түседі. Ер адам арызында карточкасынан өзіне тиесілі қаражатты алып беру үшін банкоматтың алдында белгісіз адамнан көмек сұрағанын жеткізген. Алайда күдікті, жәбірленушінің банк картасын қолдана алмайтындығын пайдаланып, “картаңызда ақша жоқ” деп алдайды. Содан банктік карточкадағы ақшаны өзінің есепшотына аударып алады.

Осылайша жәбірленуші қарт кісіге келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгеден асады.

Аталған жайтты аудандық полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді. Сайрам АПБ-де осы қылмысты ашуға, күдіктіні ұстауға тәжірибелі жедел уәкілдер жұмылдырылды. Шұғыл-іздестіруге көшкен тәртіп сақшылары қажетті шараларды іске асырды. Нәтижесінде бір тәулік ішінде күдіктінің жеке-басы анықталып, кінәлі азамат ұсталды.

Тергеп-тексеру барысында ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Бас шарасы қолхатта.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болып, мүліктерін ұрлатпаудың шараларын қолдану қажеттігін ескертеді. Өзіңізге ғана белгілі банктік карточкаңыздың жасырын код-сандарын ешкімге айтпаңыз. Егер сіз өзгенің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға “102” телефоны арқылы хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру