Көші-қон қызметі: азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету – басты міндет
Көші-қон қызметі – полиция қызметінің халықпен күнделікті тығыз байланыста жұмыс істейтін маңызды бағыттарының бірі. Бұл салада ҚР азаматтарына жеке куәлік пен төлқұжат ресімдеу, оларды ауыстыру, сондай-ақ көші-қон саласына қатысты мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Сондықтан әрбір өтініш заң талаптарына сәйкес мұқият қаралып, азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге баса мән беріледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің аға инспекторы Айнур Утегалиева осы салада 2009 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Оның күнделікті жұмысы азаматтарға мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі уақытылы көрсетумен тығыз байланысты.
Ол күн сайын ақпараттық жүйелердің жұмысын тексеру, азаматтарды қабылдауға дайындалып, келушілерді қабылдайды.
Жұмыс барысында көбінесе бөлімге алғаш рет жеке куәлік алуға, қолданылу мерзімі аяқталған немесе жоғалған жеке куәлікті ауыстыруға, төлқұжат ресімдеуге, сондай-ақ жеке деректеріне өзгерістер енгізуге келген азаматтар жүгінеді. Әрбір азаматқа мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі түсіндіріліп, қажетті құжаттардың тізбесі ұсынылады.
Өтініштерді қабылдау барысында азаматтың жеке басы сәйкестендіріліп, ұсынылған құжаттардың заң талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Қажет болған жағдайда фотосуретке түсіру және биометриялық деректерді тіркеу рәсімдері жүргізіледі. Бұдан кейін барлық мәлімет ақпараттық жүйеге енгізіліп, жеке куәлік немесе паспортты ресімдеу белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Көші-қон қызметінің жұмысы құжаттарды қабылдаумен шектелмейді. Қызметкерлер азаматтарға құжаттарды ресімдеу тәртібін түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап береді. Сонымен қатар жеке куәлік пен төлқұжаттың қолданылу мерзімін бақылаудың маңыздылығы түсіндіріліп, құжаттың мерзімі аяқталған немесе жоғалған жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен уақытылы жүгіну қажеттігі ескертіледі.
Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электрондық форматта қолжетімді. Осыған байланысты азаматтарға электрондық үкімет порталы мен басқа да цифрлық сервистерді пайдалану тәртібі түсіндіріліп, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін қызметтер туралы ақпарат беріледі.
Жұмыс күні аяқталғаннан кейін қабылданған өтініштер бойынша құжаттар қайта тексеріліп, олардың заң талаптарына сәйкестігі бақылаудан өткізіледі. Бұл мемлекеттік қызметтердің сапасын қамтамасыз етудің және азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды кезеңдерінің бірі.
Көші-қон қызметі – азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қызмет саласы. Сондықтан бұл бағыттағы әрбір қызметкер өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, халыққа заң талаптарына сәйкес сапалы мемлекеттік қызмет көрсету жолында күн сайын еңбек етеді.
