Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысы ПД бастығы жедел кеңес өткізді

Маңғыстау облысы ПД бастығы жедел кеңес өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов жедел кеңес өткізіп, 2026 жылдың І тоқсанын қорытындылады.

Жиынға департамент бастығының орынбасарлары, басқарма, қала, аудан басшылары және жеке құрам қатысты. Шара басында ҚР Әнұраны шырқалды. 

Кеңес барысында өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйі жан-жақты талқыланып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстың ашылу деңгейін арттыру, сондай-ақ тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін күшейту мәселелеріне де назар аударылды.

Жыл басынан бері Маңғыстау облысында криминогендік ахуалды тұрақтандыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар кешенді профилактикалық және ұйымдастырушылық шаралар қабылданды. Есепті кезеңде ұрлық, алаяқтық және тонау қылмыстарының саны азайды.

Қылмыстарды ашу деңгейі 90,7%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,3%-ға артты. Есірткі қылмыстарына қарсы күрес бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Заңсыз айналымнан 33 кг 777 грамм есірткі заттары тәркіленді. 140 граффити жазуы жойылып, есірткіні жарнамалайтын 341 интернет-ресурс бұғатталды.

Бейнебақылау жүйесін кеңейту және жаңа технологияларды енгізу қоғамдық тәртіпті сақтау тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде жол-көлік оқиғалары және жарақат алғандар саны мен қаза болғандар саны төмендеді.

Облыстың бас полицейі жуырда өткен ІІМ Алқа отырысында қойылған басты талаптар мен берілген тапсырмаларды бөлініс басшыларының, жеке құрамның назарына жеткізді. Құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдау міндеті қойылғандығын баса айтты. Жиын қорытындысында “Заң мен тәртіп” қағидатын қоғамның барлық саласында орнықтыру басты басымдықтардың бірі екені атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру