Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында жас боксшыларға полиция департаментіне экскурсия ұйымдастырылды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай халықаралық полиция қауымдастығы және бокс бойынша денсаулық тобының спортшы жастары Маңғыстау облысының полиция департаменті ғимаратында қонақта болды. Тәртіп сақшылары меймандарды жылы қарсы алып, оларды келіп жеткен мейрамдарымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Экскурсия жас спортшыларды полиция тарихымен таныстыру, тәртіп сақшыларының өнегелі жолын есте қалдыру, патриоттық рухтағы сезімді ұялату мақсатында бас ғимараттың мұражайынан бастау алды. Жеткіншектер ұзақ жылдар бойы мұражай қабырғасында жинақталған полиция мұрасымен, экспонаттармен танысып, өз эмоцияларымен бөлісті.

Бір ерекшелігі – спортшылардың барлығы келешекте халқына адал қызмет етіп, салауатты өмір салты мен жауапкершілігі мол саланы байланыстырып, полиция қызметкері болуды жоспарлап отыр. Әсіресе олар арнайы мақсаттағы бөлімшелерде қызмет атқарғысы келетіндерін жеткізіп, үлкен қызығушылық танытты.

Сондықтан танымдық экскурсияның келесі бағыты “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамына саяхаттаумен жалғасты. Қырағы сақшылар болашақ полицейлерді спорт кешенінің жаттығу залымен, тир алаңымен, сондай-ақ өз қызметтерімен толыққанды таныстырып өтті. Шара соңында жасөспірімдер экскурсия барысында алған әсерлерімен бөлісіп, полиция қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру