Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау полициясында көпбалалы батыр ана қызмет етеді

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет етіп жүрген нәзік жанды полицейлер жайлы ақпарат ұсынады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай емес екендігі баршаға мәлім. Сол сияқты тәртіп сақшылары қатарында ерлермен иық тіресіп, абыроймен қызмет атқарып, қоғам мен үйдегі ошақ тыныштығына қатар жауапты әйелдер баршылық. Солардың бірі – көпбалалы ана, Мұнайлы ауданы полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі, ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Манаш Маржан Асқарқызы.

Маржан Асқарқызы ішкі істер органдары саласында 2014 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Өз қызметін ол Жаңаөзен қаласында жедел басқару орталығында бейнебақылау кезекшілік инспекторы лауазымынан бастаған.

Полиция капитаны Маржан Асқарқызы ерлермен тең дәрежеде қызмет атқарып, өмірлік тәжірибесінде талай жетістіктерге де жетіп үлгерген. Жұмысына деген адалдығы, халыққа қалтқысыз қызметі еленіп, бірнеше мәрте марапат төрінен де көрініп жүр.

Маржанның айтуынша, қызметте де, отбасында да үнемі қолдау көрсетіп, бірге қол ұстасып келе жатқан жолдасы да бұрын әскери қызметте болғандықтан Маржанның жұмыс кестесіне түсіністікпен қарайды екен.

Нәзік жанды полицей отбасында алты бала тәрбиелеп отырған аяулы ана, сүйікті жар. Алты баланың екеуі бүгінде студент. Үлкен қызы Ақтөбе қаласында білім алып жатқан медицина саласының 2 курс студенті болса, ал ең кіші балапаны биыл 1 жасқа толып отыр.

– Болашақта балаларымның бірі полиция қызметін таңдап жатса, таң қалмаймыз. Өйткені, “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей, ата-анасының халық үшін етіп жатқан еңбегін көрген бала да осы саланы таңдары заңдылық деп білеміз. Жалпы мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінде заң факультетін тәмамдап, осы салаға келдім. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Жауаптылық, әділдік, жеделдік сынды қасиеттер кез келген тәртіп сақшысының бойында болуы тиіс деп білемін, мейлі ол әйел немесе ер азамат болсын. Әйел заты болғандықтан қоғам тыныштығымен қатар, бесік тыныштығын сақтауға деген жауапкершілікті білем әрі оны сезінемін, – дейді полиция капитаны Маржан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру