Маңғыстауда бір ай ішінде жасөспірімдермен 500-ге жуық құқық бұзушылық орын алды
Маңғыстауда бір ай ішінде жасөспірімдермен 500-ге жуық құқық бұзушылық орын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер органдарының басым бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бұл ретте кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторлардың қызметінің маңыздылығын атап өткен жөн.
Кәмелетке толмағандардың заңға бағынуын бақылау және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында полиция қызметкерлерімен тұрақты негізде профилактикалық іс-шаралар және құқық қорғау бағытындағы акциялар ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, қазіргі уақытта әр демалыс күндері өңірімізде “Түнгі қаладағы жасөспірім” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Маңғыстау облысында жыл басынан бері 487 жасөспірім құқық бұзушылыққа жол берген. Оның ішінде, кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуы бойынша 22 дерек тіркелді.
Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 442-бабына (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) сәйкес 411 жеткіншек түнгі мезгілде тұрғынжайдан тыс жерде болған.
ҚР ӘҚБтК-тің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау), яғни кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамауына байланысты 54 ата-ана жауапкершілікке тартылды.