Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 201 жасөспірім жеткізілді

Қызылорда облысында жыл басынан бері кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 201 жасөспірім жеткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қалалық ПБ-ның ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторлары жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың  алдын-алу  мақсатында  түнгі уақытта рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды.

Атап айтқанда, ІІО-ға қадағалаусыз жүрген әртүрлі құқық бұзушылық деректері бойынша соңғы 7 айда 3227 әкімшілік хаттама толтырылды. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 201 жасөспірім тапсырылған.

ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 50 азаматқа сот құзырымен әкімшілік шаралар қолданылды.

Түнгі уақытта 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жерде болған 2058 жасөспірім анықталып, жеткіншектердің заңды өкілдеріне тиісті әкімшілік шаралар қолданылды. Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларға түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергені үшін 74 құжат әкімшілік сотқа жолданып, сот құзырымен тиісті шара көрсетілді. ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бабы (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша 682 әкімшілік хаттама рәсімделді.

Сонымен қатар балалардың тәрбиесімен айналыспай, ата-аналық міндеттерін дәлелсіз себептермен орындамайтын үш ата-ана сот құзырымен ата-аналық құқығынан шектелсе, үш ата-ана ата-аналық құқығынан айырылды.

Қызылордалық жасөспірім Абай облысы, Үлкен Бөген ауылында орналасқан “Абай облысының ерекше режимде ұстайтын арнайы мектеп-интернаты” коммуналдық мекемесіне бір жыл мерзімге орналастырылды.

Қызылорда қаласы көлемінде кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылық пен қылмыс жасауға итермелейтін ересек адамдарды анықтау, полиция органдарының профилактикалық және тізімдік есебінде тұратын кәмелетке толмағандар мен қолайсыз отбасыларын тұрғылықты мекенжайларынан тексеріп, олармен профилактикалық бағытта жұмыстар жүргізу мақсатында бес жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру