Маңғыстауда есепте тұрған сотталған қамауға алынды
Маңғыстауда сот шешімін орындамағаны үшін пробация есебінде тұрған сотталған қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Жаңаөзен қалалық пробация қызметінде шамамен 170 адам есепте тұр. Оның ішінде қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаға 12 сотталған тартылды. Жұмысқа тартылғандардың бірі – Жаңаөзен қаласының тұрғыны Т.Оған қатысты Жаңаөзен қалалық соты 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарды. Сол күні пробация есебіне алынып, пробация қызметкерлері онымен профилактикалық әңгімелер өткізіп, қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны өтеуден жалтару қамауға алу түріндегі жазаға алып келетінін ескертті. Пробация қызметкерлері тарапынан жүргізілген профилактикалық әңгімелерге, түсіндіру жұмыстарына, айтылған ескертулерге қарамастан, Т. есімді азамат міндеттемелерді орындаудан жалтарып, тіркеуге де келмеді.
– Біз есепте тұрған тұлғаға қатысты сотқа ұсыным жібердік. Жаңаөзен қалалық соты қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны қамаққа алуға ауыстыру туралы шешім шығарды, – деді Жаңаөзен қалалық пробация қызметі бөлімінің бастығы Сәрсенхан Малыбеков.