Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстаудағы пробация қызметінің нәтижесі

Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметкерлері есепте тұрған тұлғалардың тарапынан құқық бұзушылық пен қайталама қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ сот белгілеген міндеттер мен талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау аудандық пробация қызметінің инспекторлары сотталған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларына барып, олардың әлеуметтік жағдайымен танысып, құқықтық және психологиялық түсіндіру жұмыстарын өткізді. Әрбір тұлғаның өмірлік жағдайына назар аудару – олардың қоғамға қайта бейімделуіне көмектесудің басты қадамы болып табылады.

Жұмыссыз жүрген тұлғаларды еңбекке тарту мақсатында пробация қызметі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Соның нәтижесінде ұрлық жасағаны үшін сотталған 33 жастағы ауыл тұрғыны жергілікті кәсіпорынға слесарь болып жұмысқа орналастырылды. Бүгінде ол отбасын асырап, жаңа өмір бастауға мүмкіндік алып отыр.

Маңғыстау аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет капитаны Бағдат Дәуірбаев бұл бағыттағы жұмыстың әлеуметтік маңызына тоқталып өтті:

- Пробация қызметінің міндеті – тек бақылау жүргізу емес, жазасын өтеп жүрген азаматтарға қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік беру. Әр адам қателесуі мүмкін, бірақ маңыздысы – түзелуге деген талпыныс. Біз сол жолда әрбір азаматқа қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді ол.

Жаңа жұмысқа орналасқан азамат та өз алғысын білдірді:

- Қателік жасап, заң алдында жауап бердім. Пробация қызметкерлері қолдау көрсетіп, жұмыс табуыма көмектесті. Енді отбасымның сенімін ақтап, адал еңбек еткім келеді, – деді ол.

Бүгінде өңірдегі пробация қызметі тек бақылау органы ғана емес, сонымен қатар адам тағдырын түзетуге және қоғамға бейімделуге бағытталған маңызды әлеуметтік институт ретінде жұмыс істеп келеді. Осындай қолдау шаралары құқық бұзушылықтың алдын алып, қоғамда оң өзгерістерге жол ашуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру